Құран – мәңгілік

Құран – мәңгілік

Дінді, Құранды өзгерту мақсатында қанша мәрте Ислам әлеміне зұлымдық жасалды, мұсылмандарға жорықтар жарияланды, басқа діндерге күштеп кіргізу әрекеті орын алды және әдебиеттер жыртылып отқа тасталды, мешіттер қиратылды? Қанша рет Құраннан бұрын түскен кітаптардың өзгертілгені сияқты Құранды да бүтіндей бұрмалау және ауыстыру шаралары қолға алынды? Қанша мемлекеттерде сол үшін арнайы жүйелер құрылды, жобалар жасалды? есеп жоқ. Бұл Алланың Құранды сақтаймыз деген уәдесінің дәлелі:

«Расында Құранды Біз түсірдік. Шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз» (Хижр: 9). Құранның ішіндегі үкімдері мен аяттары бәз-баяғы қалпында. Тіпті, Құранды өшіріп тастау үшін, адамдарды Исламнан алдап-арбап, адастырып, шатастырып тосқауылдар жасау жолында да есебі жоқ қаржы мен арнайы жобалар ұйымдастырылуда. Олар қанша күш-жігер, қаражат жұмсаса да Алланың құдіретімен басқа кітаптарды өзгеркені сияқты Құранды өзгерте алмайды. Құдіретті Алла:

«Расында ондай қарсы болғандар Алланың жолынан тосу үшін малдарын жұмсаған үстіне жұмсай түседі. Кейін, ол оларға өкініш болып ақыры жеңіліске ұшырайды. Сондай-ақ, қарсы болғандар тозаққа айдалады. Бұл Алланың таза мен ласты ажыратып, ластарды бірінің үстіне бірін қойып барлығын бір жерге үйіп, тозаққа салуы үшін. Міне, солар зиянға ұшыраушылар», – деп айтқан (Әнфәл: 36-37).

Көк пен жерді ыдыратпай ұстап тұрған Алла, Құранның да өзгеріп кетпеуін қадағалап тұр. Алла Тағала:

«Олар Алланың нұрын өшіруді қалайды. Имансыздар жек көрсе де Алла нұрын тамамдайды. Ол сондай Алла, мүшриктер жек көрсе де дінін бүкіл діндерге үстем қылу үшін елшісін туралықпен, хақ дінмен жіберді» (Саф: 8-9).

«Олар Алланың нұрын (дінін) ауыздарымен өшіруді қалайды. Аллаға күпір қылғандар жек көрсе де Алла мұны ұнатпайды да Өз нұрын толықтайды. Себебі, Ол елшісін туралық және хақ дінменен бүкіл діндерге басым болсын деп жіберген.», – деп хабар берген (Тәубе: 32-33).

Алла Тағала әмірін жеткізіп, Өзінің нұрын тамамдайды. Алланың діні ашық болып қала береді. Кімде-кім оған қарсылық жасаса Аллаһтың жазасына ұшырайды.

Егер пайғамбар (с.ғ.с.) діннің тамырын тереңге жаятынын көре білгенде, онда сонша азап шегіп, қатты үміт қылар ма еді? Пайғамбар көзі тірісінде дін үшін қатты жігерлілік танытты. Алайда діннің қамқоршысы Алла болмаса дінді күні бүгінге дейін сол қалпында сақтап қалу қаншалықты мүмкін іс? Жоғарыда айтқанымыздай Алла Құранды сақтау кепілдігін Өз мойынына алды. Әйтпесе, «Мен адамзат құтқарушысымын!», «Әлемді мен билеймін!» деп жар салып, келіп-кетіп жатқан құтқарушы

қанша?! Құранды қиямет күніне дейін сақтау міндетін Алланың Өзі алғандықтан Исламның танымалдылығы күннен күнге артуда. Әсіресе, исламның дүмпуі Еуропа елдерінде қатты байқалды. Шіркеулер мешіттерге айналуда. Сөз соңында айтқанымыз дәйекті болуы үшін қысқаша мынадай ақпаратты келтірейік: Бүгінде ислам Еуропа елдеріндегі христан дінінен кейін екінші орынды алатын үлкен әрі қарқынды өсіп келе жатқан дінге айналып отыр. Ашық ақпарат дерек көздерінің мәліметі бойынша Еуропа елдеріндегі мешіті жағынан көшбасы болып бірінші орында Германия – 2750, Франция – 2200, Ұлыбритания – 1500 мешіті мен намазханалары бар мемлекеттердің қатарында тұр.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu