Құранның қудси хадистен айырмасы

Құранның қудси хадистен айырмасы

Негізінде дінімізде Құран – Алланың сөзі екенін анық әрі айқын. Бұған дау жоқ. Бірақ, тарихта кейбір адамдар (Құраннан басқа) көктен түскен кітаптарды, қудси және кейбір Нәбәуи хадистерді де Алланың уахиімен келуі себепті «Құран» деп таныған. Сондықтан Ислам ғұламалары Құранды бұлардан ажырату үшін оған ерекшеленетін, дараланатын анықтама беру мәжбүрінде қалды. Сөйтіп олар Құран хақында «Құран – Мұхаммедке (с.ғ.с.) оқып, құлшылық жасау үшін түсірілген Алла Тағаланың сөзі», – деп сөз түйіндеді.

Мұнда «Алла Тағаланың сөзі» деген тіркестегі «сөз» әдетте жалпы сөз атауына қатысты айтылады. Алайда бұл жерде ол (сөз) адамның немесе періштенің не жындардың сөзі емес тек, Жаратушының сөзі екенін даралап тұр. Бұл туралы Раббымыз Алла:

«(Мұхаммед (с.ғ.с.)): «Егер Раббымның сөздері (жазылу) үшін теңіз сия болса, тағы бір сондайды көмекке әкелсек те, әлбетте Раббымның сөздері таусылудан бұрын теңіз таусылар еді» де» (Кәһф: 109).

«Рас, егер жер жүзіндегі ағаш атаулы; қалам, теңіз (сия болып), одан кейін оған тағы жеті теңіз көмектесіп, (жазса да) Алланың сөздері таусылмайды. Күдіксіз Алла өте үстем, хикмет иесі» – деп хабар береді (Лұқман: 27).

Есімдері Құранда аталған елшілерге мысалы, Мұса пайғамбарға Таурат, Иса пайғамбарға Інжіл, Дәуіт пайғамбарға Забур және Ибраһим пайғамбарға қасиетті парақтар түскені сияқты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға да Құран түсті. Сондықтан да Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті үшін Құранды құлшылық ретінде оқуды Алла Тағала әмір еткен.

Қудси хадистер де мағынасы жағынанАлланың тарапынан келген. Бірақ, қалай болғанда да олар қасиеттілігі жағынан Құран аяттарымен теңелмейді. Мысалы үшін олардың арасындағы бірнеше ерекшеліктерін айта кетейік:

Құран – құлшылық жасау үшін оқылады, ал қудси хадистер бұл мақсатта оқылмайды;

Құран Кәрімнің сөзі де, мағынасы да Алла Тағаладан.

Құдси хадистің мағынасы Алланікі, ал сөзі пайғамбардікі.

Құранды жүректе сақтау және дәретсіз ұстамау парыз, ал қудси хадистер дәл бұлай қасиет тұтылмайды;

Құранның мағынасы да, мәтіні де Алланың тарапынан келгендіктен адам оның мағынасына сәйкес амал етеді, дұрыс оқып, құлшылық жасайды және т.б. міндеттер жүктеледі;

Құран күллі тіршілік иесіне олардың шарасыздығын дәлелдеу үшін Алла тарапынан келген айғақ;

Қудси хадис Құран сияқты Алланың жер бетіне жіберген кітабы болып саналмайды;

Құранды «Алла Тағала былай деді» деп келтірілетін болса, қудси хадисте «Алла Тағала былай дейді» және «пайғамбардың (с.ғ.с.) Алладан риуаят етуінше» деп айтылады.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) бізге жеткізген өзінің хадистерінде шыншыл әрі сенімді, жасаған ижтиһадына нық берік. Сондықтан мұсылман адам Құранмен бірге пайғамбардан (с.ғ.с.) қалған күллі сүннетті мүлтіксіз орындауға тиіс. Алла Тағала:

«Сендерге пайғамбар не берсе алыңдар да неменеден тыйса, одан тыйылыңдар әрі Алладан қорқыңдар. Сөзсіз Алла қатты азап иесі» (Хашыр: 7).

«Алла және елшісі қашан бір іске үкім берсе, мүмін ер мен мүмін әйел үшін олардың істерінде ерікті болуларына болмайды. Сондай-ақ, кім Аллағ, елшісіне қарсы келсе онда шынайы адасқан болады», – деп пайғамбарға (с.ғ.с.) мойынсұнуға әмір етеді (Ахзап: 36).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы.

Close Menu