Пайғамбар (с.ғ.с.) және ғайыптан келген уахи

Пайғамбар (с.ғ.с.) және ғайыптан келген уахи

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) үкімі әлі белгісіз жаңа екі мәселенің ортасында қалған кезінде шешім қабылдайтын болса, әуелі мәселенің отбасына қайырлы, үмбетіне пайдалы және ол шешімнің басқаларды татуластыратын жақтарын салмақтай отырып таңдаған. Сондай-ақ, ол шешімдердің қайсысы Алланың дініне анағұрлым жақынын мақұлдайтын. Бірде Мекке шаһарында пайғамбар (с.ғ.с.) құрайыш көсемдерін дінге шақырып отырады. Сол уақытта оның қасына зағип Абдулла ибн Мактум келеді. Оған пайғамбар (с.ғ.с.) тиісінше көңіл бөлмейді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл мінезін сынаған Алла Тағала:

«Ал енді бай (құрайыш көсемдері) келсе, оған көңіл бөлесің. Ол тазармаса саған не? Ал енді саған жүгіріп келген біреу, ол (Алладан) қорқады. Сонда да оған селқос қарайсың. Жоқ, олай емес, әлбетте, Құран бір насихат. Сондықтан, кім қаласа үгіт алады» деп хабар береді (Ғабәсә: 5-12).

Ислам тарихындағы осындай көптеген мысалдарға куә боламыз. Осы ретте айта кететін бір жағдай: Егер расында да кейбір дін дұшпандары айтқандай «Құран аяттары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ішкі дүниесінің жемісі» болса, яғни Құрандағы бұл қатаң сөгіс пен ескертулерді, өкіну мен жанының күйзелуін өзі жазған болса, онда өзінің жасырын жасаған амалдары мен ойларын Құранда айтып әшкере қылғаннан не пайда? Өзін мұндай қорқынышты нәтижемен айыптағаннан гөрі бұларды жасырып, құрметті әрі мінсіз болып қала бергені тиімді емес пе?

Әрине, егер Құран Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қолымен жазылған болса, онда өзі ұят деп тапқан оқиғаларды Құранда баяндамай жасырып қалуға құдіреті жетер еді. Сондай-ақ, пайғамбар (с.ғ.с.) осындай кемшіліктерді жасыруды қаласа жоғарыда айтылған осы аяттарды өзінде сақтап қалған болар еді. Бірақ, Құран уахи болғандықтан оны жасыру – шарасыздық. Алла Тағала бұл туралы:

«Мұхаммед (с.ғ.с.) ғайыптан келген уахи жайында кемшілік жасамады» деп айтқан (Тәкуир: 24)

Мұнафықтардың (екі жүзділердің) ірі тұлғасы Абдулла ибн Убәй қайтыс болады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оны үстіндегі киімімен кебіндейді, яғни оның үстіне ақтық орамай, оны киімімен жерлейді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған намаз оқып, Алладан оның күнәсін жарылқауын сұрағалы тұрады. Сонда Омар (р.а.) пайғамбарға (с.ғ.с.) қарап:

–Оған жаназа намазын оқымақсыз ба? Бұлай жасауға Раббыңыз тыйым салған жоқ па? – деп сұрайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

–Расында маған Раббым: Олар үшін жарылқау сұра немесе сұрама. Тіпті оларға жетпіс мәрте жарылқау тілейтін болсаң да – деп маған жарылқау тілеуіме таңдау жасауға ықтияр берді. Мен жарылқау сөзін жетпіс мәртеден асырып айтамын – дейді де салауатқа кірісіп кетеді. Мұнан кейін Алла Тағала мынадай аяттарды түсірді:

«(Мұхаммед (с.ғ.с.)) екіжүзділер үшін жарылқауды тілесең де, тілемесең де тіпті, олар үшін жетпіс мәрте жарылқауды қайталасаң да Алла оларды әсте жарылқамайды. Бұл олардың Аллаға, елшісіне қарсы болғандары үшін. Алла бұзақы халықты тура жолға салмайды… Олардан біреуі өлсе әсте жаназасын оқыма әрі қабірінің басында тұрма. Себебі, олар Аллаға, пайғамбарына қарсы келді. Сондай-ақ, олар бұзық күйінде өлді» (Тәубе: 80–84). Бұдан әрі пайғамбар (с.ғ.с.) екіжүзділер үшін намаз оқыған жоқ.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) Құранды, ондағы әрбір әріпті қаншалықты заң ретінде ұстанғанын әңгімеден көру қиын емес. Ол шамасы келген жағдайда неғұрлым қайырымдылық пен мейірімділікке жақын шешімдерді қабылдаған. Ал енді Құранда қандай да бір мәселеге қатысты үкім анық айтылып тұрса, пайғамбар (с.ғ.с.) оны мүлтіксіз орындайды. Құран ақиқатының күшіне ешбір себеп немесе сылтау басшылық жасай алмайды. Ғайыптан келген уахи – ақиқат пен өтіріктің арасын ажырататын дәлел, жақсылық пен жамандықтың таразысын көрсететін кітап.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu