Иман дегеніміз не?

Иман дегеніміз не?

Қазақ халқындағы иман түсінігі: ұялу, Алла тағаланың алдында жаман іс-әрекеттерден өзінді тыю деген мағынаға келеді. Бала кезімізде имани түсінікті ата әжелеріміз біреуге жамандық жасама, Құдайға сен, ұрлық жасама деп түсіндірген болатын. «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теолог маманы Ш.Темірқұлұлымен иман төңірегінде сұхбаттасатын боламыз.

Иман дегеніміз не?

Иман – «Алладан басқа Құдай жоқ Мұхаммед (с.ғ.с.) оның құлы әрі елшісі» екендігіне сенгендігін тілімен айтып, жүрегімен бекіту болып табылады.

Иман – Адам баласын осы өмірде де ақыретте де шынайы нағыз бақытқа жеткізетін илаһи (Құдайлық) жүйе.

Иман адам өмірін толық, бақытты, көңілді етеді. Себебі ол өмір мәнімен келіседі. Иман жақсылық пен әділдік дереккөзі болып табылады. Ол адам жүрегіне жолды ашады, адамгершілікті көрсетеді. Аллаға деген имандылық адам қатынасының қағидасы бола алатын адамзатты күнделікті өмірде көрсетеді. Иман – сананың, ақылдың шекарасы біткен жерде басталатын ақиқат.

Иман жайында ашықтап беретін хадисті атап өтсеңіз?

«Әмәнту…» – хадисі яғни: «Әмәнту билләһи уә Мәлаикәтиһи уә Кутубиһи уә Расулиһи уәл-яумил-ахири уә бил-қадари, хайриһи уә шәрриһи мин аллаһи таала уәл-баъсу баъдал мәути хаққун, Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Муһаммәдән абдуһү уә Расулүһ»

Мағынасы: Алла тағаланың бар және жалғыз екендігіне, періштелеріне, жіберген кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне, өлгеннен соң қайта тірілуге сендім. Алла тағала жалғыз, серігі және ұқсасы жоқ екендігіне, Мұхаммед алейһиссалам – оның сүйікті құлы және пайғамбары екендігіне шаһадат (куәлік) етемін. (Бұхари, Муслим, Насаи)

Қасиетті Құран кәрімде иман турасындағы аяттарды атап берсеңіз?

“Негізгі игілік – Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтіру болып табылады.”(Бақара 177)

“Олар ғайыпқа (Аллаға, періштелеріне, қиямет күніне, жаннат пен жаһаннамды көрместен) иман келтіреді.” (Бақара 3)

“Олар саған түсірілген кітапқа, сенен бұрынғы кітаптарға және ақыретке иман етеді.” (Бақара 4)

Осы үш аятта Алла тағалаға, ақыретке, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға және ғайыпқа сену жөнінде білдірілген.

“Алла олардың не істегендерін де, не істейтіндерін де біледі.”(Бақара 255)

“Өлімі Алланың бұйрығынан тыс болған ешкім жоқ.” (Али Имран 145)

“Өлім мерзімін белгілейтін тек қана Алла.” (Әнғам 2) Бұл үш аят тағдырдың Аллаһ тағала тарапынан болатындығын білдіруде, тағдырға сенуді көрсетуде.

“Өздеріне бір жақсылық келсе: “Алла тарапынан” дейді, ал бастарына бір жамандық келсе, “Бұл сенің тарапыңнан” дейді. Оларға “Барлығы да Алладан” деп айт.” (Ниса 78) Бұл аят жақсылық та, жамандық та Алладан болатынын білдіруде.

Мұхаммед пайғамбарымыз туралы Құранда не айтылған?

“Мұхаммед (алейһиссалам) Алланың расулы және пайғамбарлардың соңғысы.” (Аһзап 40) Бұл аятта Мұһаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбар екендігін білдіруде.

Қазақ халқының ойшылы Абай атамыз Иман жайлы не деген?

Қазақ халқының ойшылдарынан Абай атамыздың иман турасында «Қара сөздер» кітабында – «Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз» деген. Абай Құнанбаевтың діни толғаныстары иман мәніне терең енушілікпен, адамның күнделікті өмірімен ажырағысыз байланысымен ерекшеленеді. Оның дін, иман, адамгершілік туралы толғаныстары келесі ұрпақтардың рухани көрінісіне үлкен әсер етті.

Абай шын иман сыртқы қолдауды қажет етпейтіні туралы діни ізденулерге сүйенді. Дін ол үшін таза рухани феномен, ал адам өмірінің мәні

мен әлемдегі тағдырдың иманы мен түсінігі өзек ретінде болады. Сенімнің адамға деген тікелей қатынасы бар, дәл осы иман: адам қалай және не үшін өмір сүреді деген сұрағына жауап беруге көмектеседі. Адам өмірінің өнегелі ұстауын анықтайтын діни сенімділік шынайы иман болып табылады. Оны ол үш аспектіде қарайды: біріншіден, иман адамның Құдай және әлемге, соңғының шексіздікке, өткіншінің мәңгілікке деген қатынасын анықтайды; екіншіден, иман адам өмірінің мәнін орнатады, үшіншіден иман адамның әлемдегі тағдырын орнатады. Бірақ мұндай иманды сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек дейді Абай атамыз.

Ж.Жұмағалиева

Close Menu