Ғибадат және ұқыптылық

Ғибадат және ұқыптылық

Алла Тағала адам баласын жаратып, оған ақыл, сана бергендіктен ол адам белгілі бір жасқа жеткеннен бастап борышкер мұсылманға, яғни парыздарды орындаушы адамға айналады. Бұл туралы һәкім Абай Құнанбайұлы: «Әрбір ақылды адамға – иман парыз, әрбір иманды адамға –ғибадат парыз» деп ой түйіндейді.

Расында да ғибадат дегеніміз не? Адам баласы білімсіздікпен еріп, тек тәндік қимыл-қозғалыстармен ғана атқарған іс-әрекеттерін ғибадатқа жатқызамыз ба? Ғибадат жасаушы адамның ниеті қандай болуы керек? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде бүгінгі мақаламызда сөз қозғасақ.

Ғибадат дегеніміз – Аллаға бойұсынып, оның ұлылығының алдында тағзым етіп, құрмет көрсету және Оның бізге берген шексіз нығметтері үшін алғыс білдіру. Себебі, санасы жоқ, ақылы кеміс адамдар ғана ғибадаттан азат етіледі. Ал, біз санасы толық бола тұра ғибадат жасаған шағымызда бізге шексіз нығмет беруші Аллаға неге шүкіршілік жасамасқа?!

Ал, ғибадаттың, құлшылықтың парыз етілуі жайлы Құранның «Зарият» сүресінің 56-аятында:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْاِنْسَ اِلَّا لِيَعْبُدُونِ

«Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» – дейді.

Бізді жоқтан жаратқан – Алла Тағала. Алла Тағала денемізге көретін көз, еститін құлақ, сөйлейтін тіл сияқты тамаша мүшелер беріп әсемдеген. Басқа тіршілік иелерінен артық етіп бізге ақыл берді және ең жоғары дәрежеге көтерді. Бұлардан басқа өмір сүре алуымыз үшін керекті тыныс алатын ауадан ішкен суымызға дейін шексіз нығметтер берді.

Жаратылысымыздың мақсаты Алланы тану және Оған ғибадат ету. Ғибадаттарымызды орындаған жағдайда, Алла Тағаланың берген нығметтеріне алғысымызды білдіріп әрі Оның сүйіспеншілігіне бөленеміз. Егер біз ғибадаттарымызды орындап, Оның сүйіспеншілігін тапсақ, Алла бізге дүниедегі нығметтерден де көп нығметті ақыретте беріп, бізді жәннатта шексіз бақытқа кенелтеді. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде:

اِعْمَلْ لِدُنْيَاكَ كَأَنَّكَ تَعِيشُ أَبَدًا وَاعْمَلْ لِاٰخِرَتِكَ كَأَنَّكَ تَمُوتُ غَدًا

«Еш өлмейтін пенде сияқты дүние тіршілігінде ерінбей амал ет және ертең өлетін жан секілді шынайы ғибадат жаса», – деп наcихат сөз айтқан (Байхақи, әс-Сунан-ул Кубра, 1344, III, 19).

Денеміз азықты қажет еткені сияқты рухымыз да азықты қажет етеді. Рухтың азығы – иман мен ғибадат. Ғибадат рухымызды өсіреді. Бізді жамандықтан сақтап, мінез-құлқымызды кемелдендіреді әрі ең қымбат байлығымыз – иманымызды қорғайды.

Өмірде адамдардың әр түрлі қиындықтарға тап келіп, үмітсіздікке, қайғы-мұңға, уайымға бататын кездері болады. Сондай жағдайларда адам баласы ғибадат арқылы ішкі дерттен айығады. Өйткені адам ғибадат аясында Аллаға жақындайды. Оның рақымын паналап, рахат бір сезімге бөленеді.

Ғибадаттардың тек рухымыз үшін емес, денемізге де әсер ететін көп пайдасы бар.

Намаз оқитын адам дәрет алуы керек. Дәрет алу күніне бірнеше рет тазару деген сөз. Тазалықтың денсаулығымыз үшін қаншалықты пайдалы екенін бәріміз білеміз.бұл туралы сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің хадисінде: «Тазалық – иманның жартысы» (Мәшарикул-әнуар, ІІ том, 107 бет) – дей отырып, дініміздегі тазалықтың маңызын білдірген.

Намаз оқып жатқан кездегі белгілі бір қимыл-қозғалыстардың, ораза кезінде ас қорыту жүйесі мен кейбір мүшелердің тынығуының өзі денсаулық үшін пайдалы екендігі ақиқат. Зекет ғибадатының да әлеуметті қамсыздандыру тұрғысынан қоғамға тигізер көптеген пайдасы бар.

Жалпы ислам дінінде ғибадаттар үшке бөлінеді. Олар:

1. Дене арқылы орындалатын ғибадаттар. Мысалы: намаз оқу, ораза ұстау сияқты. Дене арқылы орындалатын ғибадаттарды әр мұсылман өзі орындауы керек. Бұл ғибадат түріне өкілдік жүрмейді. Бір адам басқа бір адамның орнына намаз оқып, ораза ұстай алмайды.

2. Дүние-мүлік арқылы орындалатын ғибадаттар. Мысалы: зекет беру және құрбан шалу сияқты. Ғибадаттың бұл түрінде өкілдік жасауға болады.

3. Әрі дүние-мүлік, әрі дене арқылы орындалатын ғибадат. Бұл түрге қажылық жатады. Ақшасы болғанымен қажылыққа бара алмайтындай дәрежедегі мүгедек, ауру немесе қарт кісілер өзінің орнына басқа біреуді өкіл ретінде қажылыққа жібере алады.

Біліп және ықыласпен жасалған ғибадат адамды дүниеде күпірден, күнәдан құтқарады және қадірлі етеді. Ал ахыретте жаһаннам азабынан құтқаратынын Алла Таағала Анкәбут сүресінің 45-ші аятында:

«Дұрыс оқылған намаз адамды фахшадан (үлкен күнәлардан) және мүнкәрдан (қарсы шығудан) міндетті түрде ұзақтатады» – деп бұйырылған болса, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Біліп жасалған аз ғибадат білмей жасалған көп ғибадаттан да абзал!» – деген. Мұнымен біз мұсылмандарды аз ғибадат етуге шақырып отырғанымыз жоқ. Ондай теріс пікір қалыптаспауы керек. Керісінше көп ғибадат, мейлі аз ғибадат болсын, тек шын ықыласпен жасалынса деген тілек қана.

Сонымен қатар бүкіл ғибадаттардың қабыл болуы халал азыққа байланысты. Сол себепті халал табыс табуға тырысу керек. Харамдардан және күмәнды нәрселерден ұзақ тұру керек. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла Тағалаға ант етемін, бір үзім харам азық жеген адамның қырық күн ғибадаттары қабыл болмайды» – деп бұйырған.

Хазреті Әбу Хурайра бұл туралы былай дейді. Пайғамбардан (с.а.с.) естідім: «Алла Тағала әдемі. Тек қана әдемі жасалған ғибадаттарды қабыл етеді. Алла Тағала пайғамбарларына әмір еткендерін мүміндерге де әмір етті және былай деп бұйырды: «Ей пағамбарларым! Халал азықпен қоректеніңдер және салих, жақсы амалдар жасаңдар!» Мүміндерге де әмір етіп былай деп бұйырды: «Ей иман келтіргендер! Сендерге берген ризықтардан тек халал болғанын жеңдер!».

Сондықтан харамды, халалды, күмәнды нәрселерді және фаизды білмейтін адам, бұларды бір-бірінен ажырата алмайтын адам, харамдардан құтыла алмай, жасаған ғибадаттары босқа кетуі мүмкін.

Ғибадат – Алла Тағаланың бар екенін, Оның пайғамбарларын және ахыреттегі ниғметтерді және азаптарды қабыл етумен және сенумен басталады. Бұларға сеніп, ғибадаттарды орындаумен үш нәрсе пайда болады:

1. Адам шәһуатына бағынудан құтылады. Көңілі, рухы тазарады. Ашу-ызадан тыйылады. Өйткені шәһуатпен ашу жаратқанды еске алуға кедергі болады.

2. Адамда материялармен жасаған тәжірибелерімен және сезім мүшелерімен игерген білімдерімен байланысы болмаған басқа рухани ілімдер, зауқтар пайда болады.

3. Жақсыларға нығметтер, жамандық еткендерге азап берілетінін ойлағанда адамдар арасында әділеттілік орнайды.

Сөз соңында айтарымыз, Алла Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 222-аятында: «Алла көп тәубе еткендер мен жақсы тазаланғандарды сүйеді» – дейді. Жаратушы алдында хушуға толы ғибаттарымыз көп және қабыл болған болсын!

Мұрат Мұстафаев,

исламтанушы

Close Menu