Нәпіл ораза – тақуалық негізі

Нәпіл ораза – тақуалық негізі

Мұсылман баласының қамшының сабындай қысқа ғұмырындағы ең хайырлы саналатын амалдарының бірі – құлшылық. Себебі, Жаратқанына құлышылық ету арқылы – жүректер тазарады, жүзіміз нұрланады, қиямет күні тозақтан қалқан болады. Алла Тағала тарапынан парыз етілген ең ұлық құлышылықтардың бірі – ол ораза. Раббымыз Қасиетті Құранда: «Рамазан айы сондай Құран түсірілген ай»1 деп мұсылман ұмбетіне Рамазан оразасын парыз етті. Парыз оразадан кейін Раббымызға ең сүйікті амалдардың бірі – нәпіл оразалар екендігі анық. Құдси хадисте пайғамбарымыз (с.а.с): «Құлдарым маған ең сүйкімді болған парыз амалдарды орындаумен ғана жақындайды және нәпіл амалдарды орындаумен жақындап, сүйген құлым болады… »2 деп нәпіл амалдардың ерекше орнын айқындап берді.

Ғалымдарымыз сүннет амалдар парыздың нұқсанын толықтырушы және сол арқылы үлкен сауапқа кенелуге болатынын айтады. Нәпіл ораза төменде көрсетілгендей:

1. Арапа күнгі ораза – бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.с): «Арапа күнгі оразаның алдыңғы өткен және одан кейінгі жылдың күнәларының кешірілуіне үміт етмін»3 деп баяндайды. Арапа күні Зулхиджа айының 19-күні орзаза қажылығын өтей алмаған адамдарға мустахаб.

2. Ашура күні – Мухаррам айының 10-күні. Пайғамбарымыз (с.а.с) хадистерінің бірінде: «… Ашура күнгі оразаның өткен жылдың күнәларын кешірілуіне үміт етемін»4 деп айқан. Сонымен қатар, «Кітап иелерінің» оразасынан ерекшелену мақсатында Мухаррам айының 9,10 және 11-күндері ораза ұстау да сүннет болып табылады. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.с) : «Келесі жылға қалдырылатын болсам, міндетті түрде тоғызыншы күні ораза тұтамын»5 деп аталған күндерде ораза ұстаудың сүннет екендігін айқындап берді.

3. Әр айда үш күн ораза тұту. Бір айда үш күн ораза тұту Пайғамбарымыз (с.а.с) жасаған ең абзал орзалардың бірі. Сонымен қатар, Алла елшісінің Абдулла ибн Омардың өмірінің соңына дейін күндізін оразамен, түндерін құлшылықпен өткізуді қалайтынын естігенде оны сол амалдан тыйған болатын. Себебі, нәпіл оразалардың қатарынан болуы шарт емес. Айдың ішінде үш күн ораза ұстауды адамадардың өз еркінде. Дегенмен, арабтарда «Аииәәм әл биид» деп аталатын, яғни, айдың толған кезінде, 14-15-16 күндері ауыз бекіту сүйікті амалдардың бірі болып табылады.

4. Шәууал айының 6 күн оразасы. Абу Айюб әл Ансариден жеткен хадисте: «Кім Рамазанды тұтып, Шәууалдың алты үн оразасын тұтса, бір жыл ораза ұстағанның сауабын алады»6 деген хадисін жеткізеді.

5. Аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері. Айша анамыздан (р.а) жеткен риуаятта: «Алла елшісі (с.а.с) дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстайтын еді»7 деп Пайғамбарымыздың (с.а.с) сол күндерде оразаны үзбей ұстағанын жеткізген болатын.

Ғалымдарымыз нәпіл оразаны екі түрге бөліп қарастырады:

– Белгілі бір күнді белгілеусіз, яғни, жылдың немесе айдың қалаған күндерінде (ауыз бекіту тыйым салынған күндерден басқа: екі айт мейрам күндері, ташриқ күндері, жұма күніне сәйкес келсе) нәпіл ораза ұстау;

– Белгілі бір уақытты шектеп, нақтылау арқылы; Мысалы, Арафа күні, Ашура күні, Шауаал оразасы, дүйсенбі және бейсенбі күндері секілді.

Алла Тағала парыз еткен құлшылықтарынан басқа, Раббымыздың разылығына жетелейтін, сауаптарымызды арттырып, Аллаға жақындауымызға себеп болатын амалдардың ең абзалы – нәпіл амалдарды жасау арқылы Жаратушымыздың сүйікті құлдарының қатарында болуды нәсіп етсін.

М.Мұстафаев, исламтанушы

Close Menu