Иман келтіру – кәлима келтірумен шектелмес парыз

Иман келтіру – кәлима келтірумен шектелмес парыз

Иман келтіру дегеніміз – Пайғамбарымыз (с.а.с) алып келген Ислам құндылықтарына сену, растау. Қасиетті Құранда: «Олар сондай ғайыпқа иман келтіргендер»1, – деп Раббымыз мұсылмандарды сипаттайды. Алайда, шынайы мүмин атану, иманның кемелдігі үшін басқа да нәрселерге иман келтіру керектігін Алла Тағала: «…Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, олардың алар сыйақысы Раббыларының қасында. Оларға қорқыныш төнбейді, Әрі олар қайғырмайды да2 – деп баян етеді.

Сонымен қатар, «Хадисул Жабраил» деген атпен мәшһүр хадисте: «Жебірейіл (а.с) Пайғамбарымызға (с.а.с) келіп: Иман туралы айт дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.с): Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне иман етуің, және де тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына сенуің»3 деп жауап береді. Бұл хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.а.с) иманның алты шартын айтып өтеді. Демек, әрбір мұсылман баласы иманның аталған иманның шарттарына толық иланбаса, оның иманында нұқсандық бар. Иманның алты шарттарына жеке-жеке тоқталатын болсақ:

Аллаға иман келтіру; Алланың бұйрықтарын орындау, тыйған амалдарынан тыйылу арқылы Аллаға бой ұсыну.

Періштелеріне иман: періштелердің бар екендігіне, олардың нұрдан жаратылып, Алланың әмірлеріне қарсы шықпайтын жаратылыс екендігіне иман келтіру. Құран Кәрімде: «Кімде кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ахирет күніне иланбай, күпірлік қылса, онда шүбәсыз, хақ жолдан мүлдем алыстап, қатты адасқан болады»4 деп періштелеріне иман келтіруді иманның ажырамас бөлігі екендігін баян етеді. Мүминдер барлық періштелерге иман келтіреді. Оның ішінде: Аршыны көтеріп тұрушы, үнемі тасбих айтып тұратын, мәңгілік сәждеде болатын, «Кираман катибин», өлім першітесі және т.б сипаттарға ие Алланың нұрдан жаратқан жаратылыстарына жалпылай иман ету шарт. Сонымен қатар, Құранда аттары аталған 4 періште: 1.Жебірейіл (а.с). 2. Исрафил (а.с). 3. Микаил (а.с). 4. Тозақтың періштесі Мәлік секілді періштелерге иман келтіруіміз міндет болып табылады.

Кітаптарына иман; Кітаптарына иман келтіру – ол Алла тарапынан пайғамбарларына тура жол көрсету үшін Раббымыздың түсірген кәләмі хақ екендігіне иман. Жаратушымыз тарапынан түскен қасиетті кітаптар: Тәурат, Інжіл және Құран Кәрім.

1 Бақара,2/2

2 Бақара,2/62

3 Муслим, 8

4 Ниса, 4/136

– Пайғамбарларына иман. Алла Тағаланың пайғамбарларды адамазатты зұлымдықтан нұрға, қараңғылықтан жарыққа шығару үшін жіберген елшілеріне сену. Шын мәнінде пайғамбарлардың нақты саны бізге беймәлім. Дегенмен, біз Алла тарапынан жіберілген пайғамбарлардың барлығына жалпылай иман келтіру – әрбір иісі мұсылманның міндеті.

– Ақирет күніне иман. Мұсылманның жақсы амалдары үшін сый құрметке бөлінетін, күнә істеріне есепке тартылатын күннің бар екендігіне сену. Ақирет күніне иман келтіруді Аллаға иман келтірумен тең дәрежеде екендігін Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне құрмет көрсетсін….»5 деген хадисі баян етеді.

– Тағдырдың жақсы мен жамандығын Алладан екендігіне иман. Бұл жайында Имам Абу Ханифа өзінің «әл Уасия» атты кітабында: «Тағдырдан көретін жақсылық пен жамандық та Хақ Тағаладан. Кімде-кім ондағы жақсылық пен жамандық Алла Тағаладан басқадан келеді деп сенсе, имансвзға айналып, Хақты бірлеуі (тануы) бекерге шығады»6 деп түсіндіреді.

Иман ету жоғарыда көрсетілген шарттарға құралады. Өзін ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с) үмбетімін деп санайтын әрбір мұсылманға жоғарыда айтылған иманның шарттарына иман етуі – парыз.

М.Мұстафаев, исламтанушы

5 Муслим, Иман бабы, 48

6 Акмалуддин әл Бабиртидің түсіндірмесі, «әл Уасия», 69-бет.

Close Menu