Зекет – әлеуметтік теңдіктің кепілі

Зекет – әлеуметтік теңдіктің кепілі

Зекет сөзінің араб тіліндегі атауы – «الزكاة». Зекет ұғымы лексикада тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағыналарды білдіреді. Оның тілдік мағынасы: тазару, өсу, өну, арту және береке. Шариғи терминологияда: «Шариғат иесінің белгілеуі бойынша, белгілі мөлшердегі мүліктің, белгілі бір бөлігін Алла Тағаланың ризашылығын қалап, белгілі кісінің меншігіне беру» – деп түсіндіріледі.

Бүгінде халқымыздың асыл дінімізге, имандылыққа бетбұрысы көңіл қуантады. Ел ішінде Алла разылығын бәрінен жоғары қоя білетін тақуа, адал табысынан мұқтаждарға бөліп беріп, елдің ықыласына бөленіп жүрген азаматтар жоқ емес.

Халқымыз «Қол ашықтың жолы ашық» дейді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – деген ұстанымды өмірлік серік еткен халқымыз қайырымды жандарды әр дайым ерекше сыйлап, қайырымды істерін өзгелерге үлгі етіп келген. Ендеше, дәстүрлі дініміздің бес парыздың бірі – зекетті өз талаптарына сай беру арқылы қоғамда ізгіліктің молаюына қызмет етіп, жанашырынан айырылған жетімдер мен өмірлік жарларынан көз жазып қалған жесірлік тауқыметін шегіп жүрген жандарға көмек беріп, көңілі жабырқау жандарға қуаныш сыйлап жүрген ел жанашырлары көптеп кездесуде.

Бүгінгі мақаламызды ислам дінінің бес парызының бірі – зекет тақырыбына арнамақпыз. Ендеше нақты мәліметтермен мақаламыздың мазмұнын ашсақ.

Зекет кімдерге парыз?

Зекет беру кімдерге парыз деген мәселеге келсек, мұсылман болуы, нисап (85 гр. алтын) көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу, зекеті берілетін байлықтың өсімділігі, зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы, қарыз болмауы, зекеті берілетін байлыққа толық ие болуы керек.

Алла Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 43-аятында зекеттің парыз екендігі жайлы:

وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ

«Әрі намазды толық орындаңдар, зекетті беріңдер» – деп баян етсе, Алла Елшісі (с.а.с.) зекет құлшылығына қатысты Имам Бұхари мен Имам Муслим жеткізген хадисте:

بُنِيَ الإِسْلامُ عَلَى خَمْسٍ : شَهَادَةِ أَنْ لا إِلَهَ إِلا اللَّهُ، وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَصَوْمِ شَهْرِ رَمَضَانَ، وَحَجِّ الْبَيْتِ

«Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік беруге, намазды орындауға, зекет төлеуге, рамазан оразасын ұстауға, шамасы келген кісіге Алланың үйіне қажылық қылуына» – делінген.

Ислам парыздары жайлы Абай Құнанбайұлы бабамыз өзінің өлеңінде:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс – деп келтіреді. Һәкім Абай Құнанбайұлының түсінуінше, жақсы мұсылман болу бес парызды бір-бірінен бөле-жармай тегіс ұстанумен байланысты.

Зекет қашан беріледі?

Жылына бір рет дәулетті мұсылмандар малы, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруі тиіс. Зекет беру, Алла жолына қайыр садақа жұмсау, қоғамдағы мұқтаж жандарға қарасу адамның шынайы мұсылмандығын, жомарттығын әрі дүниеге тым құмартпағандығын білдіреді.

Бір жыл бойы иелік еткен мал-мүлкің, белгіленген мөлшерге (нисабқа) жетіп не артылған жағдайда, оның зекетін бірден беруге асығу қажет. Зекеттен алуға хаққысы бар кісілерді біліп тұрып әрі мүмкіндігі бола тұра, зекетін төлеуді кешіктірген адам, Алла Тағалаға бойұсынбаушылық танытқан болады. Бұған қоса, мұндай кісі белгілі бір себептермен, өзінің мал-мүлкінен айырылып қалған жағдайда да, зекетті төлеу міндеттілігі бәрібір мойнынан түспейді. Сондай-ақ зекетті алдын-ала төлуге де рұқсат етіледі.

Зекет кімдерге беріледі?

Зекет кімдерге беріледі деген сұраққа келсек ол туралы Құранның Тәубе сүресінің 60-аятында:

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ ۖ فَرِيضَةً مِّنَ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ

«Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға (беріледі)» – делінген.

Демек тарқатып айтар болсақ олар 8 түрлі топқа бөлінеді: кедей-кепшік, міскін, зекет жинауға көмектесуші, дінге жаңадан кірушілер, өз бостандығы үшін жүрген құлдар, қарызға батқандар, Алла жолында жүргендер, пақыр жолаушылар.

Зекеттің қоғамға тигізер пайдалары мен хикметтері қандай?

Зекеттһ арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі жағдайы нашар болып қиналып жүрген жетім-жесірлерге көмек көрсетіледі. Дін саласында білікті мамандар даярлауға, арнайы білім ошақтарын ашуға, барлық мешіттерді сапалы, білімді имамдармен қамтамасыз етуге жол ашылады. Ислам дінін ел ішінде кең насихаттау тұрғысында сапалы діни ақпарат, оқу құралдары, кітаптар мен өзге де аудио-видео материалдар дайындауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, дәстүрлі дінімізді ұлықтай түсу үшін де зекеттің маңызы өте зор.

1. Зекет – Алла Тағаланың мейіріміне, жаннатына жол ашады. Құран өзінің әмірлерін орындап, тыйған тыйымдарынан қашық болған құлдарына ақыретте сый-сыяпатқа кенелтіп, өзінің мейіріміне бөлейтіндігі турасында сөз беріп, уәде еткен.

2. Зекет – адам баласының бойындағы жаман мінез-құлықтардан арылуына пайдасын тигізеді. Жалпы адам баласының бойында дүние-мүлік, байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық және байлығымен басқаларға тәкаппарлану, паңдану сияқты жаман сипаттардан арылтады.

3. Зекет – Отансүйгіштікке және бауырларына деген сүйіспеншілікті оятады. Байлығының бір бөлігін тек қана Алла ризашылығы үшін пақыр отандастары мен діндестеріне тегін беретіндей көңілге ие болған мұсылман баласы әрқашан елін, халқын, Отанын ойлайтын азаматқа айнады.

4. 3екет – қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа тәрбиелейді, қоғамда теңдік орнатады. Бай кедейлерге мейірімділікпен қарап, байлығының белгілі-бір бөлігін оларға тегін бергендіктен, кедей де оларға құрметпен қарап, олардың байлығы мен дүние-мүліктеріне сұқ көзбен карап, қызғаныш қастандық ойламайды. Осылайша қоғам бақытты, сенімді ғұмыр кешеді.

5. 3екет – қоғамдағы кедей-кепшіктердің орташа өмір сүрулеріне ықпал жасап, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды.

6. 3екет – капиталдың тек қана байлардың арасында айналып тұратын күш болуына бөгет жасайды. Пайғамбарымыз(с.а.с.) «Зекет – Исламның көпірі» – деп өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің зекет арқылы бір дастарқан басына жиналатындығын ишарат еткен. Өйткені зекет – бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат.

7. Зекет ғибадаты – Алла Тағаланың берген байлық нығметіне шүкір болып саналады. Зекет беруші мұсылман әрқашан қолындағы байлықтың Алла Тағала тарапынан берілген жақсылық екенін түсініп, өзінен де зерек, қабілетті, денсаулығы мықты талай адамдардың бұл нығметтен мақрұм екенін түсінеді.

8. 3екет пәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтап, байлықтың құрып кетуіне тосқауыл жасайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, бастарыңа келетін пәлелерге тілейтін дұғаларыңмен дайындалыңдар» – деп түсіндіреді.

9. Зекет – қоғамдағы ұрлық-қарлық, алдап-сулау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты жаман әдеттердің, қылмыстардың кеңінен жайылуына бөгет қояды. Мұқтаж адамдардың өмір сүрулеріне керекті деп табылатын аса қажеттері зекет сияқты заңды жолмен қамтамасыз етілгендіктен, қоғамдағы аталмыш болымсыз көріністер өздігінен тоқтайды.

10. Зекет берген адамның жүрегін, ішкі сезімін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат кұшағына кіргендей күй кешіп, өмірдің қысымынан, дүние-мүліктің ауыртпалығынан, жүректің қаттылығынан арылтады. Зекет мұсылмандарды жалқаулыққа, масылдыққа, жатып ішерлікке тәрбиелеп дағдыландырмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Берген қол – алған қолдан қайырлы» – деп мұсылмандарды әрқашан тер төгіп, еңбек етуге шақырады.

Берілген зекеттер сол қоғамдағы мұқтаж жандарға, басқа да игілікті істерге жаратылатындықтан, бұл сол қоғамның қайырымды бола түсуіне жол ашады.

«Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген қазақ халқы да қайырымдылықты жоғары бағалап, әсіресе дәулетті жандардың сараңдығын сынаған. «Қайырсыз адам – сараң, Құм ішінде шөлмен тең. Қайыры мол адам – Суаты шалқар көлмен тең», «Қайырсыз байдан қайнатқан су артық» деп мақалдарына қосқан. Қазақтың ақын-жыраулары да байлардың қоғамдағы жағдайы нашарларға көмек беруін, жанашырлық жасап, қарасуын өлеңдеріне арқау еткен.

Зар-заман ақыны Дулат Бабатайұлы:

«Қайырсыз байдан пайда жоқ.

Нашарға жәрдем бермесе.

Кем – кетікті көрмесе,

Көн болып қатса сіреуі, – дейді.

Қазақ халқы да өзінің танымында дүниеге жалған деп қарап, оның жалғандығын түрлі атаулармен айшықтаған. Атап айтқанда, алдамшы дүние, жалған дүние, ғапыл дүние, арман дүние, сағым дүние, бекер дүние, сарсаң дүние, өткінші дүние, опасыз дүние, белгісіз дүние, шолақ дүние, баянсыз дүние, сынап дүние, ит дүние, боқ дүние, елес дүние, бес күндік дүние, әуре дүние, ұшпа дүние, мұнар дүние, қонақ дүние, тар дүние, қу дүние, сұм дүние, т.б.

Адам ақыретке өзімен дүниесін ала бармайды, тек жақсылықты істердегі сауаптарын ғана өзімен ала барады.

Мұрат Мұстафаев,

исламтанушы

Close Menu