Әйелдер жамағаты табиғат аясына демалысқа шықты

Әйелдер жамағаты табиғат аясына демалысқа шықты

Алла тағаланың көркем етіп жаратып, адамның игілігіне берген сыйы – табиғат. Күлімдеп көктен күн нұры жарқырағанда осы сұлулықты тамашалап, жамағаттың бірлігін арттыру мақсатында табиғат аясында демалыс шарасы ұйымдастырылды. Атырау облысы Дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында «Шапағат» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен 1 күндік «Салт дәстүр – ұлттық тәрбие» әйелдер жамағаты мен балаларына ойын-сауық кешенді отырысы «Атамұра» демалыс орнында өткізілді.
Мақсаты: салт-дәстүрді насихаттау мақсатында балаларды ұлттық ойындарға баулу, әйелдер жамағатына ұлттық тағамдардың құндылығын дәріптеу, қоғаммен бірлесуге шақыру, қала тынысынан рухани демалу.
Қара қазанға ас пісіріліп, самаурын жағылды. Ақ дастархан жайылып, әсерлі уағыз айтылды.
Табиғат – адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағын шашатын сұлулық пен әсемдік әлемі, баға жетпес байлық. Табиғатпен таныстыру – балалардың танымын дамытудың басты құралдардың бірі. Мұнда балалардың қоршаған орта жөніндегі ұғым түсініктерін байытатын жалпы және нақты ғылыми мәліметтер алуының маңызы зор. Табиғатпен таныстыру барысында «Табиғат – бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы, тал бесігі, өсіп-өнер мекені» екендігі жөнінде нақты түсініктер беріледі.
Осы орайда, «Шапағат» Қоғамдық қорымен тығыз байланыс орнатып, дәрістер мен мәдени шараларға үнемі қатысып жүрген әйелдер жамағаты және олардың балаларына ұлттық дәстүрімізді насихаттап, оның ішінде киіз үйде жайылған ақ дастархандағы ұлттық тағамдардан дәм татып, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, балалар мен олардың аналарының көңілдері марқайып қалды.
Дәм басында жақсы көңілді әңгімелер айтылып, «Шапағат» ҚҚ қызметкерлерімен ашық сұхбат жүргізілді. Балаларға құран айтудан жарыс, кіші аяқ доп ойыны, «Ақсерек пен көксерек» (қимылды ойыны) өткізіліп, жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар табысталды.
Әрине қаланың тынысы мен тынымсыз көліктің дыбыстарынан кез келген адам далалы жерге барып, терең демалып, ойын тыныштандырып, бой сергітуді армандайды. Алайда, отбасы ошақ қасы, әйелдің орны ас үйде дегендей, баланың тәрбиесі мен үйдің тірлігінен қолы босамайтын нәзік жандыларға осындай бір күндік демалысты арнаған «Шапағат» Қоғамдық қорының мамандарына барлығы алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.

   

   

Close Menu