Діні пәктің – ділі пәк,  Ділі пәктің – тілі

Діні пәктің – ділі пәк, Ділі пәктің – тілі

Ұлттық құндылық – ел бірлігі. Ұлттық құндылықтардың әрбір елде өзіндік алатын орны бар. Сол секілді, дәстүрлі қазақ қоғамы үшін де, ұлттық құндылықтар мен діни құндылықтар ажырағысыз байланыста болып табылады. Бірақ, соңғы уақыттарда ұлттық мүдде мен діни мүддені бөліп қарастыратын, ортамызға от ала келген қауіпті діни ағымдар пайда бола бастады.

«Ар-намыссыз – ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл» деп ел ағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай ар-намыс, абыройдың қадірін ұғына білген ата-бабаларымыз бізге осыншалықты кең-байтақ жерімізді аман-есен жеткізіп, ең басты байлық – дін дәстүрімен көркемделген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-сана, әдет-ғұрпымызды атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытты. Қазақ сол бойына дарыған тәрбие мен салт-дәстүрді сақтап келе ме?! Әлде діни ағым арбауында қалып, одан шығудың жолын таба алмастай шырт ұйқыға кетті ме? Осы тұрғыда «Шапағат» Қоғамдық қорының теолог маманы Сариев Сұлтангелді Серікұлымен сұхбаттасқан болатынбыз:

– Діннің бүгінгі қоғамдағы рөлі қандай?

Ең алдымен дін дегеніміз не? Соған тоқталар болсақ: “Дін – адам баласын екі дүниеде шынайы бақытқа жеткізетің илаһи жүйе”.

Абай атамыз айтқандай: «Адамды – адам ететін де иман, Сұлтан ететін де иман», «Рухани байлық – бақытқа жеткізеді» – демекші, адамзат баласы – ақыл-ойдаң және өзге де жаратылыстардың иесі. Ал, осы жаратылыстарды жаратқан – Жаратушы күштің барын адам ешқашан ұмытпайды. Сондықтан да, діннің қоғам өмірімен байланысы өзгермей тұрмайтын құбылыс болғанымен, адам санасына әсер ететін, сенім-наным қалыптастыратын ерекше күш екендігі мойындалды.

– Дәстүрлі дінімізді жоққа шығарып, дәсүрлі емес діни теріс ағымға алып баратын әрекеттер туралы не айтар едіңіз?

Көптеген ғасырлардың барысында қазақтардың өзіндік бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері қалыптасты. Олардың мән-мағынасы, берер тәрбиесі мол. Қазіргі таңда осы дәстүрдің бірін білсек, бірін білмейміз. Сондықтан да осы болса керек дәсүрлі емес діни теріс ағым жолына кетіп қалу көптеп кездеседі. Ал бұның алдын алудың ең бірінші жолы отбасы тәрбиесі,

яғни рухани, патриоттық және салт – дәстүрмізді көптеп үйретуіміз қажет. Өйткені діни теріс ағым өкілдері алдымен, адамның санасын бес түрлі бағытта улайды. Олар тұрып жатқан елін кәпір мемлекеті деп елге қарсы қояды, ата – анаға намаз оқымайды кәпір деп қарсы қояды, Абай адасқан, Шәкәрім шатасқан деп тарихты да жоққа шығару, салт – дәстүрді жоққа шығару, тілдік саясатын жүргізу арқылы теріс жолға тарды.

– Сіздің ойыңызша, жастардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар қандай бағытта болуы керек?

Соңғы жылдары қой аузынан шөп алмас халықтың үрейін ұшырып, күллі әлемде бүлік тудырған терроризм және экстремизм діни сипатта белең алып, бейбітшілікті ұстанған мұсылман жұртшылығына үлкен жала, қара күйе жақты. Бауырыңды нақақтан-нақақ өлімге қима, адам өлтіру үлкен күнә деп үгіттейтін ақиқат діні Исламның шын мәнісінде қандай екенін әлем мұсылмандары дәлелдеуге тырысуда. Дегенмен, теріс бағытқа түсіп, жат ағымға ұрынған азаматтар жалған сенімнің жетегінде әлі де тыныш елдің ұйқысын бұзуда. Алайда ата – бабамыз бұйрғандай «Ынтымақ болмай, тірлік болмас» деген. Демек айтылған мәселелердің алдын алу үшін жұдырықтай жұмылып, ілім мен білімді жеткізіп, жастардың көкірек көзін ашу керек. Ал бұл жағдайда тек дін мамандары ғана емес әрбір ата дінін бойына сіңдірген азамат үлес қосуға міндетті.

– Дінімізді, білім және өзге де салалармен ұштастыруға бола ма?

Егер Алла Тағала Адамға тек ғибадатты тар мағынада намаз, ораза, зекет, зікір, дұғалардан ғана тұрады деп үйретсе, онда періштелер сөзсіз Адамнан асып түсер еді. Ал адам баласы періштелер секілді, жерде халифа ретінде емес, көкте өмір сүріп, солардың жасағандарын жасаумен шектелуге болар еді.Демек адамға үйретілген ілімі тек шариғи білім емес екен. Ол жер бетін игеруі қажет барлық ғылымды үйренді. Адам баласы жаратылыстану ғылымдарын назардан тыс қалдырған жағдайда, жер бетіне жіберілген халифалық миссиясын толыққанды атқара алмайды. Сондықтан екі ғылымды да қатар алып жүру – мұсылман үмбетінің негізгі міндеті.

Сұхбатыңызға рахмет.

Жаннат Жұмағалиева

Close Menu