Әдептілікке үндейтін хадис

Әдептілікке үндейтін хадис

Әбу һурайрадан (р.а.) келген риуаятта пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін, кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, өз көршісіне құрмет көрсетсін, кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонагына құрмет көрсетсін», – деген (әл-Бұхари, Мүслим).

Ибн Хажар бұл хадис туралы мынадай пікірін білдірген: «Бұл хадис пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қысқа да нұсқа, мазмұнға бай сөздеріне жатады. Бұл хадис іс-амалдар мен сөз әдептеріне қатысты үш мәселені қамтыған».

Осы хадиске орай адамды және оның қоғаммен байланысын қарап өтуге болады. Себебі жоғарыда айтылғандай бұл хадистен бірнеше түйін шығады. Біріншісі, «адамдармен жақсы қатынаста» болу яғни, адам бұл дүниеде күнделікті қарым-қатынаста болатын халық арасында өмір сүреді, адамдар бір-біріне мұқтаж. Ислам бұл қарым-қатынастың дұрыс негізде болуына және дұрыс бағытта дамуына ұмтылады. Ал бұлай ету адамдардың бірін-бірі құрметтеп, жақсы сөз сөйлеп, жақсы көршілікте, меймандостық пен өзара жақсы қарым-қатынас жасағанда іске асады. Бұл хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізді осындай қарым-қатынасқа шақырған.

Хадистің екінші мағынасы: жақсы сөз айту немесе үнсіз тұру яғни, қасыңыздағы адамға жақсы сөз айтпасаңыз, онда үнсіз тұрғаныңыз мақұл. Бұл жағдай адамның иманы кемел екенін көрсетеді. Хадис біздерді нағыз игілікке, тақуалык істердің ең пайдалысына үндейді, иман кемелдігінің және исламның толыққандығының белгілерінің бірі мұсылманның, оған ақыретте пайда келтіретін, қоғамға бақыт, жақсы сөздер айту екенін түсіндіріп, адамды ренжітетін және оған зиян тигізетін сөздерден аулақ болуға шақырады. Пайғамбар (с.ғ.с.) мұнда Алла тағаланың жазасынан құтқаратын және Оның мейіріміне лайық ететін кәміл иман туралы айтады. Анастың (р.а) сөзінен алынған риуаятта пайғамбарымыз: «Пенденің иманы оның жүрегінде туралық болмайынша тура болмайды және оның тілі жүрегі туралықта болмайынша, тура болмайды», – деп айтқан. Сондай-ақ, көп сөзден аулақ болуға шақырған хадистің үшінші мағынасы – көп сөзділік опат болуға себеп болмақ, ал тілді тыю амандық кепілі.

Ислам адамның өзіне тіке қатысты болмаған іске араласпағанды мақұл көреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Исламды жақсы ұстанудың белгісі – (адам) өзіне қатысы жоқ нәрселерден бас тартуы», – деп айтқан (әт-Тирмизи, ибн Мәжәһ). Себебі, мұсылман бір нәрсе туралы айтудан бұрын ойлануы керек. Егер ол сөз еткелі тұрған нәрсесі игілікті, шындыққа сәйкес келетін және сауап-сыйлыққа лайық екенін анық білсе, сөйлесін, егер сөзі зұлымдыққа апаратын болса немесе өтірік-өсектің тарауына себеп болса, онда сөзден тыйылуға міндетті. Адам ол үшін сауап алады, әрі сөзіне жауапты болмайды.

Өйткені Алла Тағала:

«Бір сөз айтса болды, касында дайын бақылаушы турады», – деген «Қаф: 18). Аятта айтылған «бақылаушы» сөзі адамның жақсы және жаман амалдарын жазып отыратын екі періштені меңзеп тұр.

Әбу Һурайраның (р.а) сөзінен алынған риуаят бойынша пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында, пенде өзі мән бермей Алла разы болатын сөз айтқаны үшін Алла оны (көп) дәрежелерге көтереді. Сол сияқты пенде өзі мән бермей Алланың ашу-ызасын келтіретін сөз айтады, бүл үшін ол тозаққа тасталды», – деген (әл-Бұхари).

Хадистің төртінші мағынасы, адамды сөйлеу әдептерін сақтауға шақырады: Мұсылман бір нәрсе туралы сөйлегенде әдеп нормаларын сақтауы тиіс. Мысалы:

а) Мұсылман тек жақсы сөздерді ғана сөйлеуі керек және қандай жағдайда болса да харам сөздерді айтудан тыйылуы тиіс. Алла тағала мұсылмандарды сипаттап: «Олар бос сөздерден аулак, болады», – деген (Муминун: 3). Мұндағы «бос сөздер» деген сөз басқа адамдардың намысына тиетін өтірік-өсек, ғайбат сияқты соған ұқсас сөздердердің барлығын қамтиды.

ә) Исламда рұқсат қылынған сөздердің өзін де мөлшерлеп айту. Себебі айтылуы рұқсат сөздердің шектен тыс көп айтылуы кейде мәкруһқа апаруы мүмкін. Ибн Омар (р.а.) жеткізген риуаятта пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланы еске алатын сөздер болмаса, басқа сөздерді көп айтпа, шындығында, Алланы еске алмай айтылатын көп сөзділік жүректің мейірімсіздігінің (белгісі), ал мейірімсіз жүрек адамдардың Алладан ең алысы», – деп айтқан (әт-Термизи). Омар ибн Хаттаб (р.а.):

«Кім көп сөйлесе, көп қателіктерге жол береді, ал кім көп қателессе, көп күнә жасайды, ал күнәсі көп адамға ең лайықты орын – тозақ», – деген.

б) Қажет жағдайда, әсіресе, шариғат мақұлдаған нәрсеге түрткі болуға және теріс нәрседен қайтаруға, сондай-ақ ақиқатты түсіндіруге қатысты кезде айтылуы тиіс сөздерді айтудың міндеттілігі. Бұл мұсылман борышының бірі болып саналады. Бұдан бас тарту исламда бағынбаушылық әрі күнә болып табылады, өйткені шындыққа қатысты нәрсе жайлы үнсіз қалған адам – тілсіз дұшпанмен теңеледі.

Хадистің бесінші мағынасы, «көршіге ілтипат көрсету» және «қамқорлық жасау». Иманның кемелдігі мен діннің шынайылығы, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай көршіге жақсылық жасау, оны ренжітпеу болып табылады. Алла Тағала көршіге жақсылық жасауды Құран да да айтқан: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Сондай-ақ әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа және жолда қалғандар мен қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар» (Ниса: 36).

«Бөгде көрші» деген сөз алыстағы көрші немесе туысы меңзеледі, ал «жан жолдас» серігі немесе әріптесі айылып отыр деп түсіну керек. Хадистің мазмұнын өмірде қолдану аса маңызды. Себебі, хадис мұсылманның бойына әдептілік негіздерін қалап, адамдардың өзара келісімі мен достығына мұрындық болмақ. Қоғам мүшелері, ел азаматтары бір-бірімен көрші тұрады, олардың қонаққа баруы немесе мейман күтуі жиі кездеседі. Әрбір адам тек өзіне қатысы бар нәрсені ғана айтып, көршісін құрметтейтін болса, әрбір үй иесі келген қонағына меймандостық көрсетсе, қоғамдық қарым-қатынас

нығайып, өзара сыйластық, құрмет, достық, адалдық сияқты т.б. адамшершілік құндылықтардың орны мен маңызы арта түсер еді.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu