Тақуалық – Аллаға жақындау жолы

Тақуалық – Аллаға жақындау жолы

Тақуалық деп жиі айтқанымыз болмаса, адамның мұндай қасиетке ие болуы – қиынның қиыны. Мұндай мәртебеге Алла Тағаланың сүйікті құлдары ғана жетеді. Өйткені олар Алланың айтқан әмірлерін бұлжытпай орындайды, Оның тиым салған күллі нәрсесінен сақтанады, басқаларды да соған шақырады. Тіпті, олар шариғатта мұстахаб және мәкрүһ саналатын амалдырдың өзін берік орындайды. Тақуа адам – Аллаға жақын адам. Алла осындай пенделерімен бірге: «Шынында, Алла тақуалармен сондай-ақ жақсылық істеушілермен бірге» (Нахыл: 128).

Келесі аятта былай деп хабар береді: «Ей, мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ кім Аллаға, елшісіне бой ұсынса, әрине ол ұлы табысқа ие болады» (Ахзап: 70-71).

Тақуалықтың мәні мен мазмұнын әлі де аша түсу үшін діни кітаптарда келген төмендегі мына әңгімені ұсынып отырмын. Бұл – есімі өз замандастарының арасында және күні бүгінге дейін тасаууф өкілдерінің ортасында мәшһүр Сүлеймен ибн Иасар жайындағы әңгіме.

Бір күні Сүлеймен ибн Иасар қасына жолдасын ертіп, Мадина шаһарынан жолға шығады. Олар әл-Абуа’ жеріне жетіп, тамақтануға тоқтапты. Сүлеймен шатырдың ішінде қалып, оның жолдасы азық-түлік сатып алуға базарға кетеді. Сүлеймен ибн Иасир өте сымбатты, әрі сұлу болатын.

Шатырында отырған Қилләту әл-Жәбәл тайпасының бір әйелі Сүлейменді жәй көріп қалып, оның сұлулығына тәнті болғаны сонша оның бетіндегі жабуы мен қолғаптары жерге түсіп кетеді. Әйел Сүлейменнің шатырына келіп, оның алдына отырады. Аспандағы айдың жүзіне қарағандай қарап, өзінің бетіндегі орамалды ашады. Кейін Сүлейменге: «Сен маған сыйлайсың ба?» – дейді.

Сүлеймен әйелді жейтін тағам сұрап отыр екен деп, дастарханға барады. Әйел оған: «Жоқ, маған ол керек емес. Мен сенен ер адам өз әйеліне жасайтын төсек қатынасын сұрап отырмын», – дейді.

Сүлеймен: «Сені маған Ібіліс (шайтан) жіберген екен», – деп басын қолдарына қойып, өксіп жылайды. Әйел мұны көріп, бетін орамалмен жауып қайта өз шатырына шығып кетеді.

Базардан азық-түлік алып келген Сүлейменнің досы, оның тамағы қарлығып, көздері ісп кеткенін көреді де:

– Неге жыладың? – деп сұрайды. Сүлеймен оған болған оқиғаны айтқысы кеймей жасырып:

– Балалық шығым есіме түсіп кеткені – деп жауап береді.

Сүлейменнің жолдасы:

– Жоқ, саған шамасы бір нәрсе болған. Мен сені үш жасыңнан білемін – дейді. Сөйтіп араб әйел жайындағы болған оқиғаны білмейінше Сүлейменге тыным бермейді. Оқиғаны естіп, дастархан мәзірін жайында қалдырып, еңіреп жылайды.

Сүлеймен:

– Ал сен неге жылайсың? – деп сұрайды. Досы:

– Мен саған қарағанда жылауға анағұрлым лайықпын – дейді. Сүлеймен:

– Неге? – деді. Ол:

– Егер сенің орныңда мен болсам, өзімді тежей алмас едім деп қорқамын – дейді. Сөйтіп екеуі де қосылып жылайды.

Сүлеймен ибн Иасир Меккеге келеді. Қағбаны тауап жасап, Сафа мен Маруаның арасында жүріп тамамдаған соң, шапанын жерге төсеп, көзі ілініп кетеді. Түсінде қош иісті, өте сұлу әрі көркем бір адамды көреді. Сүлеймен:

– Алла саған рахымды болғай, сен кімсің? – деп сұрайды.

Ол:

– Мен, Жақып пайғамбардың ұлы Жүсіппін – деді.

Сүлеймен:

– Шындықты айтатын Жүсіпсің ба? – деп таңырқайды.

Ол:

– Ия – деді.

Сүлеймен:

– Күмәнсіз, сені мен әзиз Злиханың арасында болған оқиға ғажап! – дейді.

Сонда Жүсіп оған:

– Сені мен араб әйелдің арасында болған оқиға бұдан асқан ғажап! – деп айтқан екен.

Ғажап әңгімеден шығатын түйін, Алла Тағала тақуалық жолындағы пенделерін қатты сынаққа алады. Түрлі сынақтан сүрінбей өткен пендесінің мәртебесін көтеріп, Өз махаббатына бөлейді.

Жаратушы бізді ізгі әрі тақуа пенделерінің қатарынан жазғай.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu