Пайғамбарға салауат айту – Алланың үкімі

Пайғамбарға салауат айту – Алланың үкімі

Әдетте Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) есімі аталған уақытта ол кісіге салауат айтып жатамыз. Себебі, пайғамбардың есемі аталған кезде немесе оның есімін естіген уақытта біз салауат айтуымыз керек. Бұған пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисі дәлел: «Менің есімім аталған уақытта маған салауат айтпаған адам оңбасын» (Термези).

Сонымен қатар, пайғамбардың (с.ғ.с.) есімі аталған уақытта салауат айтпаған адам, адамдардың ең сараңы болып есептеледі. Бір күні Айша анамызға бір кісі былай деп сұрақ қояды:

– Адамдардың ішінде ең сараңы кім деп ойлайсың?

Фатима анамыз:

– Алла Тағала нәсіп қылған байлығынан садақа шығармайтын адамды ең сараң деймін. Сонда Алланың елсіші (с.ғ.с.):

– Жоқ, менің есімім аталған уақытта маған салауат айтпағандар. Міне, солар – нағыз сараң деп айтады.

Негізінде Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың салауаты мен сәлемі болсын деген сөздің мағынасы: Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарға Өз сәлемі мен игілігін жақын періштелерінің алдында айтып, оған мейірімі мен құрметін жаудырсын деген ұғымдағы мағынаны білдіреді екен.

Пайғамбарға (с.ғ.с.) періштелердің салауаты мен сәлемі болсын деген сөздің мағынасы: Періштелер Мұхаммед пайғамбарға арнап Аллаға мінажат қылсын және ол үшін истиғфар (кешірім) айтсын деген мағынаны береді. Пайғамбарға салауат айту – сауапты іс. Әсіресе, таңертең және кешкі уақыттарда ол кісіге арнап салауатты көбірек айтып жүрген абзал. Бұл туралы ардақты сахабалардың бірі Әбу Дәрда мына хадисті риуаят қылған. Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтты: «Кімде-кім таңертең және кешкі уақыттарда маған арнап он мәрте салауат айтса және сәлем жолдаса, онда ол қиямет күнінде менің шапағатыма бөленеді».

Тіпті салауат айтуды Алла Тағала Құранда әмір етеді: «Расында Алла пайғамбарға рахым етеді және періштелер салауат айтады. Ей, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер» (Ахзап: 56).

Аяттан айтылғандай Алла Тағала бізге пайғамбар (с.ғ.с.) үшін салауат айтуды және сәлем жолдауды әмір етеді. Мұхаммед Кағб ибн Ужра (Алла оған разы болсын) мына риуаятты келтіреді: «Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) бізге жақындап келді. Біз оған:

– Уа, Алланың елшісі! Біз саған қалай сәлем беруді үйрендік. Енді саған қалай салауат айтсақ болады? – деп сұрадық.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Сендер: Аллаһумма салли алә Мұхаммад уә алә али Мұхаммад, кәмә салләйтә алә Ибраһимә уә алә әли Ибраһим. Аллаһумма бәрик алә Мухаммад уә алә әли Мухаммад, кәмә баракта алә Ибраһимә уа алә әли Ибраһим иннәкә хамидум мәжид – деп айтыңдар», – деді» (Бұхари, Мүслим).

Әбу Хамид Әс-Сағиди (Алла оған разы болсын) жеткізген келесі риуаятта былай деп келген:

«Олар: «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Біз саған қалай салауат айтпақпыз? – деп сұрады. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Сендер: Аллаһумма салли алә Мухаммад уа алә азуажиһи уа зурриятиһи кама саллайта алә Ибраһим. Уа барик алә Мухаммад уа алә азуажиһи уа зурриятиһи кама баракта алә Ибраһим. Иннака хамидум мажид – дейсіңдер – деп айтты» (Бұхари, Мүслим)

Енді қалай болғанда да пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту – міндет. Өйткені жоғарыда бұған қатысты аят пен хадистер көрдік. Әрине, салауат айтудың маңызы мен сауабын көрсететін хадистер мұнымен шектелмейді. Пайғамбарға (с.ғ.с.) сәлем мен салауат айтудың келесі бір маңызды жері – оның өзіңіз әдетте жасайтын дұғаның алдында және соңында салауат айту. Рас, егер жасаған дұғаңыздың қабыл болу мұмкіндігін арттырғыңыз келсе, онда пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтыңыз. Негізінде, әрбір дұға етуші адам әуелі Жаратушыға мақтаулар айтады, сосын Оның пайғамбарына (с.ғ.с.) салауат келтіреді. Мұнан соң барып өзі қалаған дұғасын айтып, кейін тағы да пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтуы қажет. Жаратушы Алла жасаған дұғаларыңызды, пайғамбарға келтірген сілемдеріңіз бен салауаттарыңызды қабыл алсын.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu