Орындалған Арман

Орындалған Арман

Елбасымыз Н.Назарбаевтың тарихи құжатқа айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «…Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегіміз әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» – деп туған жердің қасиетіне ерекше тоқталады. Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» – деп бекер айтпаған ғой. Осы орайда, туған жерін, елін, отбасын сағынып, Сирия қақтығыс аймағынан оралған М.Таженова өкініші мен тағдырымен жерлестерімен бөлісіп, армандары турасында ашық әңгімелескен болатынбыз.

– Сіздің арманыңызға қол жеткізу үшін қанша уақыт қажет етеді ?

– Сирияда болған кезде армандандар орындалады дегенге сенбейтінмін, өйткені 5 жыл бойы туған еліме, ыстық үйіме қайтуды, анамды, туысқандарымды қайта көрсем екен, бейбіт елге қайта оралсам екен деп армандайтынмын. Бірнеше мүмкіндік пайдаландым, натижесі болмады, үмітім үзіле бастады. Кейін ананың баласы үшін жүрегі ауырғаны, ойымды басып, бізді өзіміз үшін үлкен жеңіске жеткізді. Сол жеңіске жету үшін маған бес жыл уақыт қажет болды.

– Арманыңыз орындалуына не кедергі болды?

– Шын айтсам қоршаған ортам, сонда болған жолдасым кедергі болды. Өйткені «Мен елге қайтқым келеді» деген әнгімемді жолдасым қолдамай ашуға түсетін. Кетсең қызымды тастап кете берсең болады деп, қолымыз байланып тұрды.

– Армандай келе, өміріңізді қауіпке төндірдім деп ойлайсыз ба?

– Ол жақта арманыңды жасырып жүру керек, өйткені сол елдің басшылары білсе, кетем деген адамды аямайды, тіпті өлтіруге дейін апарады. Сондықтан мен арманыма қол жеткізе алатыныма іштей, жасырын сендім.

– Сириядан кейін балаларыңыздың бойында қорқыныш пен үрей қалды ма?

– Алғашқы келген уақытта балада тіпті менде де қорқыныш болды. Өйткені, осындай тыныш, бейбіт ортадан алыстап кеттік. Уйрене алмай, барлық нәрсе бізге жат көрінетін. Ұшақ дауысынан, әрбір қатты дауыстан қорқатын едік. Ал кәзір Аллаға шүкір үйрендік, ортаға бейімделіп, қуанышымызға шек жоқ. Аллаға шүкір жумысқа тұрдым, бір қызым бірінші сынып бітірді, екіншісі бала-бақшаға барып жүр.

– Сіз үшін Ана бақыты не?

– Мен үшін Ана бақыты ол балдарымның жүзіндегі қуаныш күлкісін көру.

– Сириядағы өмір мен туған жеріңіз Атыраудағы өміріңіздің айырмашылығын атап өтсеңіз?

– Айырмашылығы жер мен көктей. Сирияда ешбір сала дамымаған. Ия, басында бәрі жақсы болып көрінді, бірақ ол көз алдау болды. Кейін не мектеп, не білім, не азық түлік, не медецина болмады. Ал мында өзіңіз білетіндей жан-жақты дамыған.

– Дін жолына келгеніңізге өкінбейсіз бе?

– Ислам діні ол бейбітшілік, таза дін, ұрлауға, адам өлтіруге шақырмайды. Ислам діні мінсіз, тек адамдар әр түрлі болады. Сондай Ислам дінін жамылып жүрген адамдардың кесірінен, басқалары адасады. Мен тек сол теріс ағым ұстанатын ортаға түскеніме өкінемін. Уақытты артқа жылжытуға болса екенғой деп, қатты өкінемін. Өйткені бірнеше адамды қинадым, уайымға салдым, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырдым. Болған нәрсеге өкінбе, ол тек саған сабақ болды деп Анам жұбатады.

– Болашаққа деген мақсатыңыз?

– Алға қойған мақсатым көп. Бастысы балдарымды аяққа тұрғызу. Оларға білім беріп, өмірлік бағытын табуға көмектесу. Анамды бақытты ету. Еліміз тыныш болсын деп қолымнан келгенше үлесімді қосу.

– Бақытты өмір сүру үшін неден бастау алған дұрыс?

– Ойымыз – материалды болғандықтан, не ойласақ, сол орындалады. Сондықтан көбірек армандап, әрдайым жақсы дүние ойлауға тырысу керек, кешірімді болу керек. Қандай жағдай болса да, жақсы немесе жаман болсын, ол бәрібір өзгереді. Ең жақсысы әлі алда. Соған сеніңіз!

– Жергілікті тұрғындарға айтар кеңесіңіз?

– Өз бақытыңыз үшін өзіңіз ғана жауаптысыз. Сол себепті бақытты болу, бақытты өмір сүру өз қолыңызда! Жан жақты болып, дін жолында адасып кетпеу үшін, мағлұмат жинау. Өз басым сол білімсіздік себебінен құрдымға барған соң, басқа да жерлестеріме жаным ашиды. Сирияға барам деп отырған жастарға, ол жақта еш қайыр жоқ деп айтам. Бес тиынмен барсаңыз, ақшаға сатылмайтын өміріңізді құртасыз!

Сұхбатыңыға рахмет!

Жаннат Жұмағалиева

Close Menu