Зікір дегеніміз не?

Зікір дегеніміз не?

Зікір ету дегеніміз – Алланы еске алу, Оның ұлылығын жүрекпен сезіну және Құран мен хадистерде келген сөздерді көптеп тілмен айту демек. Ғалым ар-Рази Алланың зіікір етуге қатысты мынадай анықтама берген: «Алланы тілмен зікір ету дегеніміз, Алланы пәктейтін және Оған мақтау айтып, Оны ұлықтайтын сөздерді айту деген сөз».

Алланы жүрекпен зікір ету – Алланың жаратқан жаратылысына, Оның құдіреті мен ұлылығына дәлел болатын құбылыстарға қарап, ой жүгірту. Сондай-ақ Алла Тағаланың адам баласына әмір қылған бұйырқтары мен оның үкімдерін зерделеу және Алланың жоқтан бар қылған малұқаттарының сырларын тамашалау: «Алланы тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр хәлде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!» (деп тілейді)» (Әли Имран: 191). Алланы дене-мүшемен зікір ету деген сөз, Аллаға көптеп құлшылық жасау мен Оған бойсынуды білдіреді:

«Қашан намаз өтеп болсаңдар, Алланы тұрып, отырып және жатқан бойда еске алыңдар. Қашан тынышталсаңдар, онда намазды толық орындаңдар. Себебі намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды». (Ниса; 103)

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Алла Тағала: «Мен пендемнің ойлаған жеріндемін. Егер ол Мені зікір қылса, Мен сонымен біргемін. Егер ол мені жалғыз отырып зікір етсе, Менде оны жалғыз отырып есіме қыламын. Егер ол Мені адамдардың қасында отырып зікір қылса, Мен де оны басқалардың қасында есіме аламын және бұлар олардан қайырлы.

Егер пендем Маған бір қарыс жақындаса, мен оған бірнеше қарыс жақындаймын. Егер ол маған бірнеше қарыс жақындаса, Мен оған бірнеше есе жақындаймын. Егер ол Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп барамын», – деп айтады» деді» деген риуаят жеткізіледі (Бұхари, Мүслим, Термези, Нисай және Ибн Мажаһ)

Хадис құдсиден көргеніміздей Алла Тағаланы барлық уақытта зікір етуге болады басқаша айтқанда, отырған уақытта, жамбастап жатып та, қолымыз босаған кезде, жолдастармен және жалғыз отырғанда да зікір етуге рұқсат:

«Ей, Мүміндер! Алланы көп зікір етіңдер» (Ахзап: 41). Келесі былай деп хабар береді:

«Енді Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік қылыңдар да қарсы болмаңдар». (Бақара; 152)

Алланы зікір етудің кейбір әдептері:

1. Алланы зікір етуші адамның құбылаға қарауы және тақуалық әрі байсалдылықпен бірге Алланы бойсынған хәлде отыру;

2. Ауызды жағымсыз иістен тазарту;

3. Ауызбен айтқан сөзінің мағынасын түсініп әрі ойлап отыруы және сол сияқты т.б.

Құран бізге Алланы зікір еткен уақытта пацғамбардан (с.ғ.с.) үлгі алу жөнінде хабарлайды: «Расында сендер үшін Алланы да, ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзап: 21).

Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің сахабалары арқылы көптеген хадистер қалдырған. Мысалы, Әбу Һурайрадан Алланың көп зікір ету хаққында мынадай хадис жеткен «Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Муфарридундер озды – деп айтты.

Сонда сахабалар:

– Уа, Алланың елшісі! Муфарридун деген кімдер? деп сұрайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Алланы көп зікір қылушы ерлер мен әйелдер – деп жауап берді (Мүслим).

Дін исламда Алланың зікір етудің маңыздылығы сонша, зікір еткен кісілер мен мүлдем зікір қылмайтын адамдарды тірі мен мәйіт сияқты салыстырады. Бұған пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисі дәлел: Әбу Муса әл-Ашғари (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Раббысын зікір қылған адам мен Алланы зікір қылмаған адамның мысалы – тірі мен мәйіттің мысалы сияқты», – деді» деген риуаятты келтіреді (Бұхари).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu