Ислам дініндегі қыз баласының тәрбиесі

Ислам дініндегі қыз баласының тәрбиесі

Қазақ ықылым заманнан бері қызын арым, ұятым, намысым, болашақ иманды ұрпақты жалғар аяулы ана деп тәрбиелеп, төріне отырғызып құрметтеген. «Қызға қырық үйден тыйым» салып, тәрбиесіне қатты мән берген. Асыл дініміз Исламда да қыз баланың орны ерекше. Алла Тағала жалпы әйел затын сұлулықтың символы, өмірдің гүлі, тіршіліктің сәні етіп жаратқан. Жаратушы Жәннатты аналардың табанының астына салып, әйел-аналардың дәрежесін көтеріп қойған.

Алайда, бүгінгідей жаһанданған заманда қоғамымызда небір жантүршігерлік жағдайлар орын алып, қыздарымыздың тәрбиесі назардын тыс қалып бара жатыр. Болашақта мұндай жағдайлар қайталанбау үшін бойжеткендеріміздің тәрбиесіне қоғам боп араласуымыз қажет.Қыз − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық емес. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген. Қыз баланың исламдағы тәрбиесі турасында «Шапағат» Қоғамдық қорының дінтанушы маманы, әйел жамағатымен тығыз қызмет атқарушысы Малика Рустамқызымен сұхбаттасқан болатынбыз:

– Дініміздегі қыз баланың тәрбиесінен бұрын, қыздың діндегі орны турасында айтып берсеңіз?

– Өте орынды сұрақ. Алла тағала ата-анасы қызына мейірім мен махаббатты беруге бұйырады. Пайғамбарымыз с.а.с қызы Фатиманы ерекше жақсы көрген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде кімнің үш қызы болып, оларды жақсы мінез құлықпен тәрбиелеп өсірсе, қиясына қондырып оларға мейірім төгуін жалғастырса – жәннаттық»(Әбу Дәуіт, Ахмад ибн Ханбал) десе, басқа бір хадисте «Кімде-кімнің үш қызы мен үш қарындасы немесе екі қызы мен екі қарындасы болып, оларға жақсы қараса, олар үшін Алладан қорықса, оған жәннат бар» деген. Көріп тұрғанымыздай қыз баланың ерекше орын алады.

– Дінімізге қарай қазақ халқы қыз баласын қалай тәрбиелеген?

– Қазақ халқы қыз баласын нәзіктікпен тәрбие берген. Қыз баласын болашақ келін, болашақ келін деген принципті ұстанған. Сонымен қатар қызды 40 үйден тыйып отырған. Бұл қағида Ислам дінінен алынған. Қыз баласының іс-әрекетімен, мінезі,сұлулығына қарасты ережелер қамтылған.

– Қазақ отбасындағы қыз тәрбиесінің ерекшеліктерін атап өтсеңіз?

– Қазақ отбасында қыз баласының тәрбиесімен әдетте әжесі мен анасы айналысқан. Қыз баласы анасынан тікелей ізеттілік, имандылық, нәзіктік т.б моральдық мінездерді бойына сіңірген. Әжесі немереқызына қазақ халқының салт-дәстүрлерін таныстырған. Қазақ халқындағы киіз басу, киім тоқу, жіп иіру осы дүниелерді әжесі көрсетіп үйретіп отырған.

– Отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала бойжеткенде сол әдетін сақтайды. Осыған сәйкес балаларын аттастырып қойған. Осы мәселеге пікіріңіз қандай?

– Әрбір ата-ана қыз баласын құтты ұясына қондырғысы келеді. Қыз баласының барған жерде бағы жанса дейді. Ата-ана өзінің болашақ күйеу баласының отбасымен бұрыннан таныс болғандығы нұр үстіне нұр болады. Аттастыру салты ата ананың бір бірінің сыйластығы арқылы жүзеге асады.Сыйластық арқылы туыстық қарым қатынас орнатқысы келеді. Бұл жерде атастыру салтының ешқандай әбестігі жоқ.

– Қоғамда қазіргі кезде көп қыздарымыздың бойында ұят, нәзіктік қалмай бара жатыр. Бұндай жағдайда ата ананың рөлі қандай? Қай жерден қателіктер орын алып жатыр?

– Қазіргі кезде ата анада қоғамда тәрбиеден бұрын, материалдық қажеттілікке байланып қалғандығымызды байқауға болады. Әке де ана да әрқашан жұмыс басты болып кеткен. Баланың тәрбие жағы бәсеңдеп қалуда, өкінішке орай.

– Сөзіміздің соның Пайғамбарымыз с.а.с қыз баласына қатысты хадистерімен аяқтасақ?

– «Қыздар – олар мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Алла Тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі». (Анастан Дилми риуаят еткен). Қыз баланың тәрбиесі ол қоғамның дамуы. Болашақ жарқын ұрпақ кепілі.

Жаннат Жұмағалиева

Close Menu