Таһажжуд намазының хикметі

Таһажжуд намазының хикметі

Таһажжуд намазы дегеніміз не? Оның адам баласына алып келер пайдасы қандай?! Түнгі намаздардың өтелуінің хикметі неде?

Алла Тағала мұсылмандарға бес уақыт намазды парыз етіп, нәпіл намаздарды мұсылмандардың өз қалауларына қалдырды. Мұсылман баласының бүкіл күндізгі және түнгі уақыттарын Аллаға жақындау, разылығына жету мақсатында құлшылық жасауы үшін арнауы – ең абзал амалдардың бірі. Алланың разылығы үшін құлшылық жасауға ең қолайлы уақыттың түнгі уақыт екендігі белгілі. Сондай өтелуі абзал болған нәпіл намаздардың бірі – таһажжуд намазы. Құран Кәрімде: «(Уа, Мұхаммед): «Түн ішінде тұрып, Құран оқы һәм өзіңе парыз ретінде міндеттелген тәһәжжуд намазын өте»1 деп ардақты Пайғамбарымызға (с.а.с) тәһәжжуд намазын парыз етілгенін баяндайды.

Біріншіден, Раббымыз нәпіл намаздарды Өзіне жақындау үшін, жасалса мол сауабын беретін, жасалмаса күнәсі болмайтындай етіп құлдарына жеңілдетіп қойды.

Түннің бір бөлігін ғибадатпен өткізетін пенде Алла мен Оның Елшісі (с.а.с) рахметі мен шапағатына бөленіп, жүзі нұрланып жүрері анық. Алла Тағала: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (ұйқыларынан тұрып), Раббыларынан қорыққан күйде, үміттене жалбарынады», – деген. Пайғамбарымыз (с.а.с) бұл нәпіл намазды үнемі жасаған, өз үмбетін осыған қызықтырып: «Түнде тұрып құлшылық етіңдер. Өйткені, бұл сендерден бұрынғы ізгілердің әдеттегі амалы. Ол сендерді Раббыларыңа жақындатады. Сондай-ақ, жамандықтарға кәфәрат болады әрі күнәлардан қайтарады»2, – деген.

«Таһаджуд» намазы дертке шипа екенін білесіз бе? «Уасафат әл манзилия мужарраба уа асрар әш шифа ат табиғия» кітабында адамның түнгі уақытта ояу болып, кейбір іс-әрекеттерді жасауы, жуынуы және т.с.с. амалдар жасауын денсаулыққа алып келетін пайдасы орасан деп келтіреді. Медицина ғалымдарының зерттеулеріне сүйенсек, түннің соңғы үштен бір бөлігінде ояу болған адамның кортизол гормоны белгілі мөлшерде бөлінуі, адам ағзасында қант мөлшерінің бірқалыпта болуына, қан қысымының жоғарылауының және инсульттың алдын-алуға әсерін тигізетіні анықталған.

Раббымыз жер бетіндегі құлдарына өзінің әрбір парыз, сүннет, харам қылған әмірлерінің астында хикметтерін жасырған. Себебі, түнгі уақыт мұсылман баласының оңашада тек Раббысымен қалып, еш риясыз Аллаға ғибадат жасап, шынайы дұға етуден басқа мұсылман пенде үшін артық ештеңе жоқ екендігінде еш күмәніңіз болмасын.

М.Мұстафаев,

исламтанушы

Close Menu