Талақ – Ислам құптамайтын амал

Талақ – Ислам құптамайтын амал

Қоғамдық өмірде адамдар түрлі жағдайларда бір-бірімен араласып жатады. Әрбір адамның тағдыры Алла Тағаланың қалауымен белгілі бір адамдардың тағдырымен астасып, байланысып өмір сүретіндегі белгілі. Мына ғаламат өмірде әрбір жаратылған тірі жан иесінің барлығының да осы әлемде өзінің орны бар. Себебі, ол орынды, атқарар қызметін әлемдердің жаратушысы Алла Тағала белгілеп берген.

Бірімізді ер адам ретінде жаратқан Құдай бізге теңіміз ретінде әйел жынысын жаратқан. Бұл одақты Исламда неке деп атайды. Ал, осы некеден Алла нәсіп етсе ұл, қыз перзенттер сүйдіреді. Осы отбасында ер мен әйел некесінен өмірге келген ұл мен қыздың өмірінде, олардың адам болып қалыптасу кезеңінде, қоғамда өз орындарын табу жолында әке мен ананың орны ерекше.

Бір күні қаламызда дүкен тоналған. Өкінішке орай, дүкенге ұрлыққа түскен жас өспірім, шамамен 14-15 жастағы жасөспірім. Бір қызығы дүкеннен бағалы заттар емес, тек жеуге жарамды дүниелер ғана ұрланған. Себебі, дүкенге ұрлыққа түскен жасөспірім үйінде тойып тамақ жемейді екен. Сіз осыны оқып отырып бұл бала әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан деп топшалауыңыз мүмкін. Бірақ, баланың отбасы қоғамдағы көптеген отбасыларға қарағанда әлеуметтік жағдайы тұрақты. Әкесі мен анасының тұрақты жұмысы мен табысы бар. Енді баланың ана сүті ауызынан кетпей жатып қылмысқа баруына не себеп болды деген сұраққа тоқталып өтсек?

Баланың ата-анасы бірнеше жыл алдын ажырасқан. Ажырасқан шақтарында балаға талас болып, әкесі де, анасы да баласына бар тапқанын алып келіп отырған. Десек те арадан жылдар өтіп анасы басқа ер азаматқа тұрмысқа шыққан. Өгей әке өзгенің ұлын өз перзентіндей көрмеген. Анасы да екінші тұрмысы бұзылмасын деп күйеуінің қас-қабағына қарап баланың көңілі жарымжан күйінде қалып қоя берген. Тіпті, екінші күйеуіне қосылып баласын кінәлап ұрысып, кешкі тамақтан қағатын жаза ойлап таба бастаған. Тоқ етерін айтқанда өз қатарластарынан кем етіп өсіруге алып келген. Екінші тұрмысынан перзент сүйген ананың мейірімінен де, назарынан да осылайша кейіпкеріміз мақұрым қала бастаған.

Ананың мейірімінен мақұрым қалған кейіпкеріміз әкесіне хабарласып, онымен бірге тұрғысы келетінін жеткізген. Өкінішке орай әкесі баласы күткен жауапты айта алған жоқ. Себебі, әкесі де бұл уақыт аралығында екінші неке құрып, бала сүйіп үлгерген еді. Әкесі де екінші әйелінің көңіліне қарап баласының өзімен бірге тұрып, бір отбасы болып өмір сүруіне қарсылық білдірген.

Оқиғаның соңы түсінікті де шығар?! Қарны ашып, жүдеген кейіпкеріміз ешкімге керек емесін сезінген. Тіпті қылмысы үшін сотталатынын білсе де ешкім ол үшін алаңдамайды деген сеніммен ұрлыққа түскен. Кейіпкеріміздің

айтуынша «қарнының ашқаны ол үшін қайғы емес, қадірінің қашқаны» оның жанына батқан.

Бірнеше жылдан бері не әкенің, не ананың мейірімі мен тәрбиесін көрмей өскен баланың өмірін бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мұндайда мына бір сөйлемдер еріксіз ойға оралады. «Ерге әйел, ал әйелге күйеу қашан да табылады, ал балаға өз әкесі мен анасындай мейірімді, жанашыр жан табылмайды». Баланың ойнап, нағыз балалықтың бал дәмін сезінер шақта кейде ата-аналары өздерін ғана ойлап әке тәрбиесі мен ана мейірімінен балаларын мақрұм қалдырып жатады.

Адам баласы өмір көшін жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзбей берекелі қоғам құруы үшін, Алла Тағала үйленіп, отау құруға бейім етіп жаратты. Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан, бұл нәрсе екі жастың әуелі имам мен куәгерлердің алдында сөз байласып, серттесу рәсімімен бастау алады. Жұбайлардың әрі қарайғы өмірі берік қағидаға негізделеді. Олар бір-бірлері үшін сүттей ақ, судай мөлдір, барынша мейірімді әрі кешірімді болуы керек. Жұбайлар арасындағы отбасылық қарым-қатынас мәселесіне орай Алла Тағала:

وَ عَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар»1, – деп әмір еткен болса, Ардақты Алла Елшісі (с.а.с.) бір хадисте:

أَكْمَلُ المُؤْمنين إِيمَاناً أَحْسنُهُمْ خُلُقاً ، وَخِياركُمْ خيارُكم لِنِسَائِهِ

«Мүминдердің ішінде иманы ең кемел болғандар – мінезі кемел болғандар. Ал, мінезі ең кемелдер – жұбайына жақсы мінез танытқандар»2 – дейді.

Үйленген соң өз жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болу – мұсылмандықтың көркем белгісі. Неке уақытша емес, өмір бақиға қиылады. Тіпті, осы дүниеде ғана емес, о дүниеде де бірге боламыз деген ниетпен қиылатынын кейбір жастарымыз түсінбей жатады. Адам баласы өзі таңдаған жарының қате-кемшілігін іздеп емес, оның жақсы жақтарын басымдыққа алу керектігі туралы Алла Тағала Құран Кәрімде маңызды бір жәйтқа назарымызды аударады:

وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ فَاِنْ كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسٰى اَنْ تَكْرَهُوا شَيْـٔاً وَيَجْعَلَ اللّٰهُ فيهِ خَيْراً كَثيراً

«Сондай-ақ, олармен (жұбайларыңмен) жақсы мәміледе болыңдар. Тіпті ұнатпасаңдар да. Бәлкім, сендер ұнатпаған нәрседе Алла сендер үшін көптеген қайыр жасырған болуы мүмкін», – дейді.

Алланың үкімінсіз тіпті бір жапырақ та үзілмейді. Солай болғанда тоғысқан тағдырлар иесі – ерлі-зайыптылар да Алланың тағдыры екендігі күмәнсіз. Жұбайының қиын мінезі немесе денсаулығының нашарлығы, ризық несібесінің тарлығы, күйбең тіршіліктегі көлденең шығып отыратын көп кедергілер де тек Алланың сынағы деп білген жөн.

Ислам діні ерлі-зайыптылардың ажырасуына, тіпті өмірдің тұрмыстық қиыншылықтарын бола айырылысуын да құптамайды. Өмірлік жарыңызды таңдап, Алланың алдында ақ некені қидырғаннан бастап бақытты отбасы болудың тетіктерін қарастырғанымыз абзал. Ажыраспау үшін біз жоғарыда Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінен мысалдар келтірдік. Алайда осының бәрін істеген соң қанша тырысып баққанмен бірге тұруы мүмкін болмаған адамдарға шариғат ажырасуға рұқсат еткен. Алайда, Пайғамбарымыз (с.а.с) мүбәрак хадистерінің бірінде мұның қандай амал екенін айтады:

أَبْغَضُ الْحَلاَلِ إِلَى اللَّهِ الطَّلاَقُ

«Алла Тағала адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу»3. Демек, рұқсат берілген күнде де, талақтың Алла құзырында ұнамсыздығы мәлім болады. Ибн Әл-Һумәм мен Ибн Абидин сияқты Ханафи ғұламалары ажырасудың негізі тиым салынған амал екендігін, тек амалсыз, шарасыз күйде қалғандарға рұқсат етілетінін, оның өзі де Аллаға ең ұнамсыз рұқсат екендігін айтады.

Қорытындылай келе, дамыған қоғам бұзылған некелердің қоғамға зиянын көптеген дәлелдермен ашып, түсіндіріп келеді. Қазақ халқында да ежелден ажырасу деген ұғымға үрке қараған. Қаншама жаугершілік заманында соғыста ерлері шейіт болғандардың әйелдерін өз елінде алып қалып, өз еліне келін болып түскендердің өзегінен ешқашан теппеген. Жесірін қаңғыртып, жетімін жылатпаған іргелі елдің, текті халықтың ұрпағымыз.

Ал, бүгін ше?! Өкінішке орай бүгін ажырасқан ата-аналардың жемісінен жетімдер үйін паналап жүргендер қаншама?! Әрине ол балалардың өз еркінен тыс болып жатқаны жанымызға батады. Ата-анасы ажырасып, толыққанды отбасы тәрбиесін ала алмай, жоғарыдағы кейіпкеріміз секілді қылмысқа барып, өз өмірінің болашағына балта шауып жатқандары қаншама?!

Құрметті көпшілік, қоғам Сіз бен бізден. Біздердің бақытты отбасымыздан және ұл, қыздарымыздан құралады. Сол ұл, қыздарымыздың бақытын өз нәпсіміздің жетегіне еріп, шайтанның арбауына түсіп балаларымыздың болашағын тұмандатпайық! Өз бақытымыз бен перзенттеріміздің бақыты өз қолымызда екенін ұмытпайық!

М. Мұстафаев,

исламтанушы

Close Menu