Неке қию – мұсылмандық шарты

Неке қию – мұсылмандық шарты

Күн мен түн, ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, өмір мен өлім, су мен от осылай тізбектей берсек бұл ғаламдағы барлық жаратылғандардың жұбын Жаратушы нәсіп еткендігіне көз жеткізуімізге болады. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Нәбә» сүресінің 8-аятында:

أَزْوَاجًا وَخَلَقْنَاكُمْ

«Сендерді жұп-жұп етіп жараттық»1 – дейді. Демек үйлену, үй болу, жар таңдау бұл Алла Тағаланың нәсіп еткен нығметтерінен. Десек те қасиетті некенің атын былғап, оны тағдырдың ісіне теліп жүргендерде бүгінгі қоғамнан табылады.

Тағы бір хадис шәрифте былай делінеді:

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم قَالَ: «اَلدُّنْيَا مَتاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِهَا الْمَرْأَةُ الصَّالَحَةُ.

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а): «Алла Елшісі (с.а.с.): «Бұл дүние (мен оның ішіндегі нығметтердің бәрі де) уақытша берілген. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел», – деп айтты»2. Демек, салиқалы жұбайдың нәсіп болуы – үлкен нығмет. Өйткені, ол – болашақ балалардың, ұрпақтардың анасы. Анасы жақсы болған жеткіншектің тәрбиесі де, иманы да көркем, инабатты, ізетті болары анық.

Кезінде бір қария дүниеден өтер тұсында ұл-қыздарын жинап:

– Мен сендер дүниеге келмей жатып бір жақсылық, сендер дүниеге келгеннен кейін бір жақсылық жасадым деген екен. Сонда балалары түсінбестен:

– Әке біз дүниеге келгеннен кейін жасаған жақсылықтарыңыз көп. Бірақ біздің түсінбей жатқанымыз дүниеге келмей жатып бізге қандай жақсылық жасадыңыз? Дегенде:

– Мен сендер дүниеге келмей жатып жақсы ана таңдадым, – деген екен.

Шын мәнінде ертеңгі жемісінен үміт күткен әрбір әке баласына жақсы жар таңдауға, онымен ислами некеден өткен, ұл-қыздарына адал асты алып келуге міндетті. Мұндайда қазақ халқы «Алғаның жақсы болса, бұл дүниенің шырағы, мінгенің жақсы болса, бұл жалғанның пырағы», – дейді. Сонымен бірге, «әйелің жақсы болса, ұжмақ үйiңде, әйелің жаман болса, тозақ үйiңде», – деген нақыл сөздер текке айтылмаса керек.

Әйел – ер азаматтың өмірлік жары. Шаңырақ жылуын сақтаушы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар, мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін қорғайтын да сол әйелі болмақ. Ер жігіттің таңдап алған қосағы ізгі де иманды болса, дүниеде берілген жақсылықтардың ең құндысы сол болмақ.

Шындығында, әйел заты өзі таңдап, етегінен ұстаған азаматтың көңілінен шыға білмесе, отбасылық өмірдің мәні кетіп, шырқы бұзылары сөзсіз. Шаңырақтың шайқалмауына екі жастың шынайы сезімінен бөлек, имани қарым-қатынастың қосар үлесі мол.

Қазақ қашанда «қыз жат жұрттық, қыз бала – қонақ» деп, олардың ертеңгі күні бөтен үйдің түтінін түтетіп, шамын жағатындықтарын саналарына құйып отырған. «Барған жеріңде балдай батып, судай сің» деп тәрбиесі мен тәлімін үйретіп, отбасылық өмірдің өткелдеріне дайындап отырған. Қаншама жыл қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қаққан қыздарының барған жерінде бағы жанып, бақытты отбасы болуын ойламайтын ата-ана болмас, сірә?!

Алайда, мәпелеп өсірген қыздарының гүлдей ғұмырын құртып, отбасылық өміріне араласып жататын «енелер» де кездесіп жатады. Бұл мәселені тек біржақтама айтып отырғаным жоқ. «Ене» дегенде тек қыздың анасы ғана емес, жігіттердің де аналары араласып екі жастың бақытына қарсы келіп жатқандар да кездеседі. Әрине ата-ана өз баласының бақытын ойлаймын деп, артық сілтеп қоюдан туындап жатқан дүниелер.

Қыз үшін жақсы жолдас дегені – әйелдің ар-намысын қорғайтын, келіншегінің көңіліне қаяу түсірмейтін, әйеліне аса ерекше мән беретін адам. Әйел заты мұндай азаматтың жанында жаны жай тауып, мейірімділік пен сүйіспеншілікке бөленеді.

Өкінішке орай, қызы үшін жақсы жолдас дегенді иманы мен ақылына, тәрбиесіне қарап емес, байлығы мен атақ-абыройына қарап бағалайтындар жеткілікті.

Бұл сөз тек қана қыздарға ғана қатысты емес, сонымен бірге қыздың әкесіне және аға-інілеріне де тиесілі. Өйткені, қыздың тағдырына тікелей жауаптылар: әкесі, ағасы мен інісі. Кейде, иманды қыздың өзі мінез-құлқы нашар, дінге немқұрайлы қарайтын және әйелдің ар-намысы дегенді білмейтін жігітке көңілі ауып, алдамшы арманға алдануы мүмкін. Мұндай қыздар «осы жігіт мені бақытты етер, арманымды орындар» деген көзсіз үміттің жетегінде тұрмысқа шығуы мүмкін. Осындайда қате шешімнің алдын алу үшін әрбір жігіт өз қарындасының жеке өміріне араласып, дұрыс ақыл-кеңес беруге міндетті.

Хадис ғылымының білгірі Әбу Һурайра (р.а.) таңдау жасағанда жаңылыспай жақсы жар табу туралы мынадай хадис жеткізген:

تنكح المرأة لأربعٍ: لمالها و لحسبها و لجمالها و لدينها, فاظفرْ بذات الدين تربتْ يداك

«(Әдетте) әйелге төрт қасиетінің бірі үшін (қызығып): байлығы, тектілігі, сұлулығы және діні үшін үйленеді. Діндарын (яғни имандысын) таңда, әйтпесе құтың қашып, қадірің кетеді», – деген. Бұл хадисте еркекті әйел бойында қызықтыратын көркі, мал-дүниесі, тегі және діндарлығы секілді сипаты екендігі айтылған. Егер әйел иманды болмаса, қалған үш қасиетінен пайда шамалы екендігін ескертеді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) жар іздеген жігіттердің әйелдің бойындағы сиқырлаушы сұлулығына, мол дүниесіне және танымалы тегіне қатты қызығатынын көрген. Әйелдің діндарлығы мен имандылығына аса мән бермейтіндігін байқаған. Алайда, жақсылықтың барлығы иманда. Имансыз әйелдің сұлулығы, тегі тіпті дүниесі де ешбір пайда бермейді.

Қазақ халқының ұлы ақыны, Абай Хакімнің:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма.

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма,-деген сөзі жоғарыдағы хадистің түсіндірмесі іспетті.

Сөз соңында айтарымыз неке Алла алдындағы сүйікті амалдардан. Ал осынау некенің қадір-қасиетін түсіріп, оны уақытша ләззат пен байлыққа айырбастағандардың қос дүниеде де шырайы кіріп, бақытты болмауы мүмкін. Сондықтан жар таңдауда, шариғат бойынша ақ неке қидыруға келгенде барынша жауапкершілікпен қарағанымыз дұрыс.

М. Мұстафаев,

исламтанушы

Close Menu