Исра және Миғраж оқиғасы

Исра және Миғраж оқиғасы

Пайғамбарымыз (с.а.с) уахи түсе бастаған жылдарда Мекке мүшріктерінен көп қиыншылықтар көрді. Мұсылмандықты қабылдаған сахабаларын да мәжбүрлеп Исламнан қайтарып, соққыға жықты.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) өміріндегі ең қиын уақыт – мүминдердің анасы Хадиша анамыздың дүниеден өтуі және кішкентайынан демеу болып, әке орнына әке болған, жетімдікті сездірмей бауырына басқан сүйікті көкесі Абу Талибтің ауырып қайтыс болған жылдары Ислам тарихында – «Ғам әл Хузн» «Қайғы жылы» деген атпен қалды. Осындай қиын-қыстау заманда пайғамбарымыздың (с.а.с.) Раббысымен тілдесуі Оның мұңды көңіліне жұбаныш сыйлап, басқа түскен қиындығын сейілткен еді. Үлкен сый ретінде бес уақыт намаз осы уақытта парыз етілді. Ол пайғамбарымыз (с.а.с.) Алла Тағаламен тілдескен «Исра сапарында» орын алды. Алла Тағала бұл сапар туралы: «Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке-байлық әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол – естуші әрі көруші»1, – деп баяндайды.

Раббымыздың ең сүйікті құлын Меккеден ал Ақса мешітіне, аспан әлеміне көтеріп, жаннат пен тозақты көрсетуі Мекке мүшріктерінің күмән-күдіктерін арттырды. Періштелерден емес өздерінен шыққан адамның бір сәтте аспан әлемін шарлап, жаннат пен тозақты көріп келді дегеніне қалай илансын? Онымен қоса, әл Ақса мешітін сипаттап беруі, бүкіл пайғамбарларға имамдық етуі де олар үшін ақылға сыйымсыз жайт еді.

Исра мен Миғраж оқиғасының хикметтерінің бірі – Мусаны (а.с) Перғауынға жібермес бұрын Алла тағала тарапынан мұғжизалар көрсетіп, дайындағаны секілді, Пайғамбарымызды да алда күтіп тұрған қиыншылық кезеңіне де даярлау еді. Бір жағынан көңілін жұбату арқылы шыңдау болатын. Себебі, Исра мен Миғраж оқиғасы Меккеден һижрет етпес бұрын аз уақыт алдын орын алған болатын.

Қазіргі таңда кейбір мұсылмандардың Исра мен Миғраж оқиғасын Алла Тағаланың аспанда екендігіне дәлел ретінде қолданып жүргендігі жасырын емес. «Раббымыз аспанда болған соң Пайғамбарын өзіне көтерді» деген сияқты түрлі пікірлерді де құлағымыз шалып жүр. Алла белгілі бір мекенде болудан пәк. Себебі, аспанның да, жердің де және барлық жаратылыстардың Жаратушысы бір Алла. Исра мен Миғраж Алла Тағаланың қайда екенін көрсету үшін емес, бәлкім, Раббымыздың құдіретін паш етуі деп пайымдаған дұрыс.

М.Мұстафаев,

исламтанушы

Close Menu