ДЕСТРУКТИВТІК АҒЫМДАРДЫҢ ЗИЯНЫН  МҰНАЙШЫЛАРДА ТҮСІНУІ ТИІС

ДЕСТРУКТИВТІК АҒЫМДАРДЫҢ ЗИЯНЫН МҰНАЙШЫЛАРДА ТҮСІНУІ ТИІС

Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз дәстүрлі исламмен әдет-ғұрыптарымызды осы күнге дейін сабақтастырып, мәдениетіміз бен құндылықтарымызды жалғастырып келді. Алайда, деструктивті діни ағымдардың ықпалында жүрген жастарымыз қабылдағысы келмей, ата-баба адасқан, салт-дәстүр шатасқан деген ұғымда жүретіні сөзсіз.
Осы ретте, облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, 22 тамыз күні «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» Қоғамдық қоры «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбырлар басқармасының қызметкерлеріне «Дін саласындағы тұжырымдаманың негізгі бағыттары» тақырыбында кездесу өткізді.
Аталған шарада, Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мәдениет қайраткері, Облыстық АТТ мүшесі Кенжеғалиев Абат Кенжеғалиұлы «Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі. Қазақ халқының арғы тегі болып есептелетін көне түркілер исламның қалыптасуы мен көптеген жетістіктеріне өз үлестерін қосты. Қазіргі уақыттағы Қазақстан жеріне исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылды. Тәуелсіз Қазақстандағы ислам ықпалды қоғамдық күшке айналды. Мұсылман бірлестіктерінің саны қарқынды түрде өсуде. Елімізде жаңа мешіттер салынуда. Алайда, осыны кей жастарымыз түсінбей, жалған діни ағымдардың идеологиясына уланып, қоғамды іштен ірітіп жүрген жайлары бар» – дейді.
Атырау облысы Дін істері басқармасының Ақпараттық талдау орталығының бөлім басшысы Аян БАҚТЫҒАЛИЕВ слайд арқылы «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» заңының талаптары, сондай-ақ, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 453, 490 баптарында көзделген құқықтық жауапкершілігі туралы түсіндірді.
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» Қоғамдық қорының дінтанушысы, тарихшы Ернар АБЗАЛОВ Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар және екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Олай болатыны, ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – ислам. Бірақ, өкінішке орай соңғы жылдары бірлігі мен бейбітшілігі жарасқан елдің берекесін қашырып, тыныштығын бқзып жүрген қой терісін жамылған қасқырлар көбеюде. Сондықтан, теріс ағымға жастарымызды улатпай, қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру үшін қазақ тарихымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу арқылы тосқауыл бола аламыз дейді.
Сондай-ақ, «Шапағат» орталығының маманы Айнұр Тергеусизова жастардың, соның ішінде қыз балалардың жат ағым идеологиясына тез түсудің жолдары мен зардаптарын жеткізді. Сонымен қатар, теріс ағымдардан сақтанудың және оларға қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру үшін сан ғасырлар бойы ата-бабаның ұстанған діни жолдары мен салт-дәстүрді, тарихты білу шарт дейді.
Кездесу соңы түрлі сауалдарға ұласып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Сонымен қатар, мекеме басшысы Асқар ЖОЛДАСОВ спикерлерге ризашылығын білдіріп, мұндай шараларды жиі өткізсе деген ұсынысын айтты.

 

Close Menu