Тақуаның тәубесі

Тақуаның тәубесі

Тәубе тақуалықты арттырады тіпті, тәубенің артықшылығы сонша, адамның ұшып кеткен иманын жүрекке қайта қондырады. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл туралы былай деп айтқан: «Күмәнсіз, иман дегеніміз – киім. Алла тағала оны қалаған пендесіне кигізеді. Кім зина жасаса, Алла оны алып қояды. Егер тәубе қылса, оны қайтарып береді». (Байһақи, Дәут, Термези)

Имам әл-Мунзири Алла елшісінің (с.ғ.с.) мынадай әңгімесін риуаят қылады:

«Бір пенде алпыс жыл бойы Аллаға таудың үстінде құлшылық жасайды. Ақыры шайтан оны жерге түсуге азғырады. Ол жерге түскеннен соң оны шайтан өз айла тәсілімен бір әйелге жолықтырады. Сөйтіп ол екеуі зина жасайды. Мұнан соң жасаған амалына қатты өкінген ол бой дәрет алуға шығады. Жолда:

– Менің қарным аш – деп отырған міскінді көреді. Бұл кезде оның қолында жарты шелпектен басқа еш нәрсе жоқ еді. Міскінге жаны ашыған ол:

– Мынаны сен ал. Менің бұл нанды жеуге хақым жоқ – деп қолындағы жарым шелпекті әлгі міскінге беріп кетеді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.): – Қиямет күнінде осы адамды алып келеді. Таразының бір басына оның зина жасаған ниетін, екінші басына міскінге берген жарты шелпекті қояды. Сонда Алла бұл пенденің күнәсін осы жарты шелпек садақасы үшін жарылқайды, – деді».

Әрине, бұл хабар адамның берген садақасынан бұрын, оның: «Бұл нанды жеуге мен лайық емеспін. Алланың алдында күнә жасадым», – деп күнәсін мойындап, жасаған тәубесінің шынайылығын көрсетеді. Оның өкініші өзегін өртеп, енді Алланың алдына қайтып барамын деген ойдың қатты мазалағаны анық. Мұны көрген Алла тағала оның пенделікпен жасаған күнәсін кешіріп, садақасын қабыл алды.

Бұл әңгіме де шынайы тәубенің Алланың мейірім есіктерін ашатынын көрсетті. Сондықтан тәубенің мәртебесі мен қасиетін ұмытпай әрдайым еске алып жүрген жөн. Расында Алла Тағала тәубелерді қабыл алушы: «Олар құлдарының тәубесін қабыл етіп, садақаларын қабылдайтын Ол Алла ғана екенін білмей ме? Шынында Ол – Алла, тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді». (Тәубе, 104)

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu