Ата – анаға құрмет, жаратушының құлшылығынан кейінгі парыз

Ата – анаға құрмет, жаратушының құлшылығынан кейінгі парыз

Барша адамзаттың жаратылу мақсаты – Алла тағаланы тану және Оған құлшылық жасау. Өмірдің ең басты ақиқаты осы. Құранда бұл ақиқат, яғни Алла тағаланы танып, Оған лайық түрде құлшылық ету жайлы баяндалған соң, ата-ананы сыйлап, оларға жақсылық жасау міндеті айтылады. Ұлы Жаратушы Иеміз адамдарға Өзіне құлшылық жасаумен қатар, ата-анаға құрмет көрсетуді бұйырады. «Исра» сүресінің 23-аятында Аллаһ тағала:

«Раббың тек қана өзіне құлдық, ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды»,–

деп, Алла тағалаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға жақсылық жасаудың да парыз екенін мәлімдейді.

Алла тағалаға құлшылық ету мен ата-анаға жақсылық жасаудың бір аятта, бірінен соң бірі баяндалуы – Алла тағаланың ата-ананы қадірлеуге қаншалықты мән беретінін көрсетеді. Әрі бұл аятта Алла тағалаға құлшылық пен ата-анаға жақсылық жасау арабшадағы «қада» етістігі арқылы берілген. «Қада» етістігінің мағынасы «нақты үкім берді, бұйырды» дегенді білдіреді. Аятта ата-анаға жасалатын жақсылық араб тіліндіге «ихсан» сөзімен берілген. Ихсан сөзінің мағынасы «ата-анаға құрмет көрсеткенде, қолғабыс жасағанда Аллаһты көріп тұрғандай шынайы әрекет ету» дегенді білдіреді. Сахаба Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) осы аяттың «ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды» деген бөлімін: «Ата-анаңның қасында киіміңді сілкілеп қақпа, себебі киіміңнен шыққан шаң-тозаң олардың мазасын алуы мүмкін»,- деп тәпсірлейді. Осылайша ата-ананың көңіліне шаңның тозаңындай болсын кірбің түсіруге болмайтынын айтып, мәселенің қаншалықты жауапкершілікті қажет ететінін көрсетеді.

Құран Кәрімдегі келесі аятта «Бақара» сүресінің 83- аятында Алла тағала Исраил ұрпақтарына да Өзіне құлшылық ету міндетінен кейін ата-анаға жақсылық жасауды бұйырғанын баяндайды:

«Бір кездері Исраил ұрпақтарынан: «Алладан басқасына құлшылық қылмаңдар, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар, жақындарыңа, жетімдерге, кедей-кепшіктерге қайырымды болыңдар, адамдарға жақсы сөздер айтыңдар, намаз оқыңдар, зекет беріңдер», – деп, уәделерін алған едік. Сол серттен көбің тайып кеттіңдер» – деп баян етеді. Демек, ата-анаға құрмет тек қана Пайғамбар Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне ғана емес, бізден бұрынғы пайғамбарлардың үмбеттеріне де өсиет етілген маңызды міндет екенін көреміз.

Сахаба Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.) бір күні Пайғамбарымыздан: «Аллаһқа ең жағымды, ең сүйкімді нәрсе не?», – деп сұрағанда Аллаһ Елшісі оған былай деп жауап қатады: «Кешіктірілмей, уақытында оқылған намаз». Сахаба әрі қарай сұрағын жалғастыра түседі: «Уа, Алланың Елшісі, ал одан кейінгі ең ізгі амал қайсысы?» дегенде Алла Елшісі: «Ата-анаңа жақсылық жасау» – деп жауап қатты.

Ата – анаға қатысты баяндалып келген аяттарды ғалымдар былай деп түсіндіреді:

1) Адамның дүниеге келуінде негізгі себеп – Алла, жанама себеп – ата-ана.

2) Адам баласының материалдық және рухани жағынан өсіп, кемелденуі ең әуелі Алла тағаланың нығметтеріне тиесілі болса, одан кейінгі орында ата – ананың жанкештілігі, өздерін сол жолда пида етуге даяр сүйіспеншілігі тұрады. Себебі ата-ана – баланың жарық дүниеге келуінде дәнекер әрі оның өсіп – жетілуін мойнына алатын тәрбиеші. Басқа адамдар баланың тәрбиесіне үлес қосқанымен, оның дүниеге келуіне себеп бола алмайды. Басқалары баланың өсіп-жетілуіне қамқорлық жасағанымен, әке-шешесі секілді шыбын жанын шүберекке түйіп, бары мен жоғын оның жолына сарп ете алмайды.

3) Алла тағала құлдарына беретін нығметтері үшін ешқандай ақы талап етпейтіні секілді, ата-ана да баласының жолына төккен бар қажыр-қайраты, есіл еңбегі үшін түйірдей болсын ақы алуды ойламайды.

4) Алла тағала құлдарын күнәһар болса да нығметтеріне бөлегені секілді, ата-ана да баласының тілазарлығына қарамастан өмірінің соңына дейін жанашыры болып өтеді.

5) Алла тағала құлдарының жасаған жақсылықтарына Өзінің ұлықтығына тән сипатпен разы болып, сауабын молынан нәсіп ететіні секілді, ата-анада баласының жетістігіне шын жүректен шаттанып, асқар шыңға қол жеткізуі үшін әрдайым демеп отырады.

«Шапағат қоғамдық қорының»

Индер ауданы бойынша теологы Ерлан Сағынов

Close Menu