Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Алладан қорқуы

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Алладан қорқуы

Пенде өзінің Аллаға аз құлшылық жасағандығын біліп немесе жасаған жамандығының салдарынан Алладан қорқып жыласа, бұл – тақуалықтың белгісі. Пайғамбардың (с.ғ.с) бұл туралы сахабаларға көптеп берген. Мысалы, Алланың көлеңкесінен басқа көлеңке болмайтын (қиямет) күні Алла өзінің көлеңкесіне алатын жеті адам турасында әңгіме қозғайды (жеті адамның бірі): « …Жалғыз өзі болған кезде Алланы еске алып, көзіне жас толып жылаған кісі» деп айтқан (Бухари, 660).

Келесі хадисінде Алланың елшісі (с.ғ.с): «Оттың жалыны мәңгі тимейтін екі көз бар. Ол екеуі: Алладан қорқып жас толып жылаған көз және Алланың жолында күзет қылған көз», – деген (Тирмизи, 1639). Сондай-ақ, құлдың өз Раббысын есіне алып, өз күнәсынан қорқып жылауы – ізгі әрі мақтан тұтатын қасиет. Жүрегінің тақуалығына, нәпсісінің жоғарғы екендігіне, ар-ұятының тазалығы мен жұмсақ мінезділігі дәлел болады. Алла Тағала Құранда да өз елшілерінің жылағандығын айтып оларды: (Сәжде аяты) «Оларға Алланың аяттары оқылған сәтте, жылаған бойда …», – деп олардың дереу сәждеге баратындарын айтып сипаттаған (Мариям, 58).

Сондай-ақ Алла Өзіне жақын құлдарын: «Олар жылап, етпеттерінен түседі. Бұл олардың ықыласын арттырады», – деп хабар берген (Әл-Исра, 109). Ал енді Ислам дұшпандарының қатыгез әрі тасжүрек екендерін туралы былай деген: «Ал, енді сендер осы сөзге таңырқайсыңдар ма? Күлесіңдер, жыламайсыңдар» (Ән-Нәжм, 59-60). Аллаға иман келтірген, Алланы үнемі естеріне алып зікір ететін құлдары туралы мынадай хабар береді: «Олар пайғамбарға (с.ғ.с) түсірілген (Құранды) тыңдаған заманда, шындықты танығандықтарынан көздерінің жасқа толғанын көресің» (Әл-Мәйда, 83).

Әлемдердің Раббысына бойсынушылардың мырзасы, Қиямет күнінің патшасынан қорыққандардың имамы, елшілердің ақыры – Мұхаммедтің (с.ғ.с) көзінен жас кетпейтін, сезімтал, жүрегі жұмсақ, өзі көңілшек, көздері жасқа толасалатын кісі болған. Оның жасы шын әрі таза, Алладан қорқып әрі жасырын ағыл-тегіл жылаған уақытта еңкілдеген дыбысы естіліп жататын. Пайғамбардың (с.ғ.с) жылағаны сахабалардың жүрегінде көркем хұтбалар мен керемет уағыздар қалдыра алмайтын тәрбиелік із, өнегелі әсер қалдырған. Алланың елшісі (с.ғ.с) бір түні намазға тұрып «Мәйда» сүресінің: «Егер оларды азаптасаң да олар құлдарың, егер оларды жарылқасаң да күдіксіз Сен аса үстем, хикмет иесісің» (Әл-Мәйда, 118) – деген аятын қайта-қайта оқып өксіп жылаған. Осылайша түндерді көптеп жылаумен өткізген.

Сонымен қатар пайғамбар (с.ғ.с) Құранды естіген сәттерде де көзіне жас алған. Аллаһның елшісі (с.ғ.с) Ибн Масғудқа: «Маған Құран оқышы», – деді. Ибн Масғуд: «Мен сізге Құранды қалай оқимын, Құран өзіңізге түскен

жоқ па?» – деп айтады. Алланың елшісі (с.ғ.с): «Құран оқышы, күмәнсіз мен басқаның оқыған Құранын тыңдағанды жақсы көремін», – деп тіл қатты.

Сонда ибн Масғуд: «Ниса» сүресінің басынан бастап оқиды да: «(Мұхаммед) әр үмбетке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә етіп келтірсек қандай болар еді?» – деген қырық бірінші аятқа жеткен кезде Алланның елшісі (с.ғ.с): «Жетеді. Тоқта», – деп әмір қылады. Ибн Масғуд Құран оқуын доғарып, Алланың елшісіне (с.ғ.с) қараған кезде оның көздерінен аққан жасты көреді (Бухари, 5050).

Алланың елшісі (с.ғ.с) Құранды естіген уақытта ұйып тыңдаған. Бұл жайында мынадай сенімді риуаят бар: Түнде пайғамбар (с.ғ.с) Әбу Мұса әл-Әшғаридің Құран оқығанын естиді. Азанда Әбу Мұсаға келіп:

«Егер де менің сен оқыған Құранды естігенімді көрсең етті. Саған Дәуіт әулетінің сүрі (дауысы) беріліпті», – деп айтады (Бухари, 5048. Фәтху әл-Бари, 9/113). Әбу Мұса: «Егер сіздің тыңдап тұрғаныңызды білгенімде Құранды онан да гөрі әсемдеп, көркем оқитын едім», – деп жауап қайтарған (Әл-Байһақи, 20841). Абдулла ибн Шухайр сахих хадисте: «Алла елшісінің (с.ғ.с) құзырына бардым, ол кісі намаз оқып жатыр екен. Оның кеудесінен адам жылаған сәтте шығатын ыңырсыған дыбысты естідім», – деп айтқан (Нисай, 1213).

Алланың елшісі (с.ғ.с) қызы Зайнаб қайтыс болғанда оның жаназасына қатысты, қабірінің басында отырып көздері жасқа толған халде қабірдегі сұрақ-жауапты және азапты ойлады. Сахабалар осы әсерлі жағдайды көздерімен көріп куә болған. Жалпы пайғамбардың (с.ғ.с.) көздеріне жас алуы жеке өзі үшін емес, бәлкім ақырет үшін, үмбеттері мен олардың махшардағы хәлдері сияқты қиын жағдайлар үшін еді.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu