ШАЙТАН МЕН АДАМ АТА ЕҢ АЛҒАШ КЕЗДЕСУІ

ШАЙТАН МЕН АДАМ АТА ЕҢ АЛҒАШ КЕЗДЕСУІ

«Шындығында, шайтан – адам үшін ашық дұшпан»

 (Жүсіп сүресі, 5-аят).

 Алла тағала Адам атаны топырақтан жаратып болған соң, оны көрмек болып топ-топ періштелер келе бастады. Адам атаның реңін көрген періштелер таң қалды. Бұдан бұрын мұндай ғажап нәрсе жоқ еді.

Бір күні шайтан (ол әлі жәннаттан қуылмаған еді) өзінің қызметіндегі барлық періштелерімен Адамды көру үшін келіп, қайран қалады. Себебі, оның бұрын соңды жеті қабат аспан мен жерде көрген нәрселерінің барлығы бұл суретте аян болды.

Әзәзіл келіп, хазіреті Адамның ішіне қолымен ұрып еді, біреудің қолы тиісімен үн шығаратын құмыраның үніндей үн шықты. Әзәзіл бұл үнді естіп, қызметші періштелеріне:

– Бұл суреттің іші бос екен. Бостық – айып-нұқсандықтың нышаны. Мұның ішіне кіріп азғыру – оңай. Мен ішіне кіріп, мұның бүтін тәнін көріп алайын. Қазір кірмесем, жан кіргеннен кейін кіруге болмайды, – деді.

Әзәзіл бұл суреттің ішіне кіріп, сайран тамаша қылды. Суреттің іші сондай кең безендірілген бір ғимарат тәрізді. Мұнда екі дүниенің гауһары жиналған асыл тас қазынасындай көрінді. Әзәзіл кең сарайдың барлық бөлмелеріне кіріп, мүлкімен танысты. Тек адамның көңіл бөлігіне кіретін есік таба алмады.

Бұған қатты кейіген Әзәзіл қасында ілескен періштелерге:

– Егер топырақты менен артық жаратса, сендер не істейсіңдер?, – деп сұрайды. Періштелер оған:

– Алланың әміріне бойұсынамыз. Қызмет белдігін жан-тәнімізбен байлаймыз, қарсылық қылмаймыз, – деді бір ауыздан. Әзәзіл бұған:

– Егер топырақты менен артық қылса, мен ешқашан оған тағат қылмаймын.

Осылайша, Әзәзіл осы қарсылығы мен тәкаппарлығының салдарынан Алланың қаһарына ұшырап, мәңгілік лағнеттелді: «Шындығында, шайтан – адам үшін ашық дұшпан» (Жүсіп сүресі, 5-аят).

Алланың қарғысына ұшыраған Ібіліс:

– Адам баласын азғырамын, оны түзу жолдан қайтарамын деп өзіне уәде берген болатын. Сөйтіп адамды күнәһар етіп, өзі сияқты тозақ жолына салғысы келеді.

Содан бері  Адам балаларының арасына қызғаныш, бірін-бірі жек көру, достардың арасына от салады, ерлі-зайыптыларды ажыратады, адамның құлағына сыбырлап көре алмаушылық отын тұтатуға күш салады. Әзәзіл – адамдардың арасындағы барлық жамандықтың анасы.

 

Жалғас САУАХАСҰЛЫ

Close Menu