Туыстық қатынас – Алланың мейірімі

Туыстық қатынас – Алланың мейірімі

Өмірде ағайынның арасында түрлі жағдайлар болары рас, туыс болған соң өкпелесіп, ренжісіп те жатамыз. Алла тағаланың туыстық қатынасты Өзінің мейірімімен теңеуі де тегін емес шығар. Демек, туыстық қатынасты үздіксіз бір деңгейде ұстап отыру жеңіл шаруа болмағаны. Алла тағала ортаға Өзінің мейірім сипатын қойғандықтан ешбір себеппен туыстық қатынасты үзуге болмайды деген сөз. Дүниелік іс үшін бір-бірінің көңілін жаралап, ақыларына қиянат етіп немесе өзара қатты ренжісіп қалған жағдайда да Алла разылығы үшін, «Туыстан қайтпаса да Құдайдан қайтады», – деп ағайындық байланысты қайта орнатқан адамның мәртебесі  Алланың алдында жоғары болған екен.

Дін Ислам араздасып қалған ағайынмен қатынасты жаңғыртуға асығуға шақырады. Бұған Абдулла ибн Әбу Әуфаның келтірген мына риуаяты дәлел болмақ: «Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Туыстық қатынасты үзген қауымның үстінен Алланың рахымы жаумайды, – деп айтады.

 Сол арада отырған бір жігіт:

– О, Алланың елшісі! Менің анаммен туыс әпкем бар. Онымен сөйлеспей жүрмін – деп өз жағдайын айтады.

Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):

– Орныңнан тұрып, онымен сөйлес, – деп бұйырды».

Хадистен байқалғандай пайғамбар (с.ғ.с.) әлгі жігіттен апасымен не үшін араздасып қалғанын сұраған жоқ. Бар болғаны – дереу орныңнан тұрып, апаңмен татулас деп кеңес берді.

Шариғат тек ағайын-туыстың арасын жақсартып қоюға ғана шақырмайды, ол жалпы адамдардың жақсы қарым-қатынаста болуын мақсат тұтады. Қоғам мүшелерінің бірі-бірімен сыйласып, тату-тәтті ғұмыр кешуін насихаттайды. Мысалы, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Біріңе-бірің тарту жасаңдар, біріңді-бірің жақсы көретін боласыңдар», – деп адамдар арасындағы қатынасты жақсарту жолдарын үйреткен (Байһақи).

Ал енді Омар ибн Абдулазиз жеткізген риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Қол алысып амандасыңдар. Себебі ол жек көрушілікті жояды және бір-біріңе тарту жасаңдар», – деген (Ибн Ражаб).

Осы орайда Хасан әл-Басридің де: «Қол алысып амандасу – өзара сүйіспеншілікті арттырады», – деп айтқан сөзі еске оралады. Себебі, мұсылман адамға өзара татулық пен туыстық қатынасты үзбеу бұйырылған.

Сол үшін шариғат адамдарды өзара жеккөрушілік пен наразылыққа соқтыратын нәрсенің барлығына тиым салған. Адамдар арасында наразылық пен араздыққа соқтыратын негізгі төрт фактор бар екен. Мұсылман осы нәрселерден сақ болғаны мақұл. Олар: басқаға қысым жасау; жәрдем етпеу және өтірішін  айту мен жек көру. Егер адам аталған осы төрт жағдайдан сақ болса, бауырластық пен туыстыққа қатты зиян келе қоймайсы анық.

Мұсылман баласы өзі үшін жақсы көрген нәрсені бауырына да лайық көрмейінше, оның кемел мұсылман болуы қиын. Сондықтан ол туысына, мұсылман бауырына реніш келтіретін нәрселерден аулақ болып, оларды басқалардың зиянынан қорғауы тиіс.

Ағайындық қатынасты үзіп, Алланың мейірімінен ұзақтағаннан гөрі, туыспен араласып, бұл дүниеде береке, ақыретте бақытқа бөленген  абзал.

 Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы

Close Menu