Тақуалық – сахабалардан қалған сара жол

Тақуалық – сахабалардан қалған сара жол

Сахабалар Аллаға бойұсынып, Оның пайғамбарының (с.ғ.с.) айтқанын екі етпей орындауды насихаттаған. Тақуалықта сахабалардан асқан жан жоқ еді. Сөзіміз дәйекті болу үшін ардақты сахабалардың өмірінен үзінділер беруді жөн көрдік. Мысалы, белгілі сахабаның Алладан қорқып жас төккені турасында А′то ибн Раббах мынадай риуаят келтіреді:

«Мен, Абдулла ибн Амрге сүрме жасаушы едім. Себебі ол түн мезгілінде шамды өшіріп көздері ісіп кеткенше жылайтын еді».

Сахабалар көп жағдайда оқылған аяттың мағынасы мен мәнін терең түсінгендіктен ақыретті ойлап көп жылаған. Абдулла ибн Убайдулла ибн Омар өзінің әкесі жайында: «Ол Алла Тағаланың: «(Мұхаммед (с.ғ.с) әр үмбетке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә етіп келтірсек қандай болар еді?» (Ән-Ниса, 41) деген аятын оқып көп жылар еді. Тіпті оның жылағаны сонша сақалы мен киімі суға малынып алынғандай болушы еді», – деген риуаятты жеткізген.

Сондай-ақ, Алладан шынайы қорыққан сахаба туралы Нәфиғ: «Егер Ибн Омар Алланың «Иман келтіргендердің жүректері Алланың зікіріне (Құранға) жұмсап әрі түскен ақиқатқа жібімей ме» (Әл-Хадид, 16) деген аятын оқитын болса оның көздері жасқа толатын», – деп айтқан.

Әбу Ражаа болса: «Мен Ибн Аббастың көздерінің астынан көп жылауының әсерінен қатты қыртыстарды көрдім», – деген.

Кәғб әл-Ахбар: «Мен үшін Алладан қорқып жылау – өз салмағымдай алтын садақа таратып бергеннен қайырлы», – деп айтқан.

Муғира: «Әбу Уаилдің үйінде Ибраһим әт-Тәйми Алланы көп зікір қылатын еді, оны естіген Әбу Уайл тітіреген құс сияқты дірілдеп отырар еді», – деп айтқан.

Қатәдә: «Әл-´Улә ибн Зиад көзі қарауытқанша жылайтын. Егер ол Құран оқып сөйлейтін болса, оның көз-жасы дайын тұратын еді. Әл-´Алә ибн Зиадтың әкесі болса, Алладан қорқып көп жалаудың әсерінен зағип болған адам», – деген.

Сағид ибн Жубайр Аллаға бойұсыну турасында былай деп айтқан: «Расында, қорқыныш дегеніміз – Алладан қорқу. Ол сенімен сенің жасаған күнәнің арасындағы қорқыныш болуға тиіс (жасаған күнәң үшін Алладан қорқып пұшайман болу). Міне, Алладан қорқу дегеніміз – осы. Алланы зікір ету – Аллаға бойұсыну. Кімде-кім Аллаға бойсұнса, Алланы есіне алады (зікір қылады). Кім Аллаға бойсұнбаса, онда Ол көптеп тәсбих тартып, Құран оқығанымен Алланы зікір етуші болып саналмайды», – деп айтқан.

Ал енді жоғарыдағы Сағид ибн Жубайр жайында Қасим әл-Ағраж мынадай хабарды жеткізген: «Сағид ибн Жубайр түн жамылып көздері көрмей қалғанша жылайтын».

Сағид ибн Жубайр қажылық жасауға келген адамдар турасында: «Бұл үйдің (Қағбадан) құқықтарын (құрметін) қатты сақтайтын Басра халқынан артық ешкімді көрмедім. Бір күні Қағбаның жабуына жабысып дұға қылып тұрған күңді көрдім. Ол Аллаға бойұсынған, мінәжат етіп жылап тұрған бойда қайтыс болды», – деп айтқан.

Жоғарыда айтылған оқиғалардың әрбірі – адам баласына терең ой салатын ғибратты жағдай. Олар бұл дүниенің зейнетіне қарағанда Алланың махаббаты мен ақыретті таңдаған жандар. Сондықтан Жаратушы Алла оларға тақуалық мәртебесін берді. Өйткені, тақуалық – Алланың әркімге нәсіп қыла бермейтін әшекей. Бұл әшекейді таққан адам ақыретте жоғары мансапқа және марапатқа ие болмақ. Ертеде өткен ізгі жандар осындай жол салып кетті.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы.

Close Menu