Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) намазы

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) намазы

Ақырғы пайғамбар (с.ғ.с.) жер бетіне Алланың қалауымен адамзатқа тәлім беруші мұғалім, көктемгі күн сәулесіндей жарық, өмірі тұнық (ашық) кісі болған. Ол – ұрыс кездерінде де, бейбіт күндерде де осындай қалыпты сақтаған зат.

Ешбір нәсіл, араб не өзге ұлттар Алла Тағаланың жерге елші етіп жіберген Мұхаммедтен (с.ғ.с) асқан ақыл-парасатты, жүрегі таза, жаны мен тәні пәк адамды білмеді десек артық болмас. Ол – адамзаттың арасындағы ақылы мен ойы, жүрегі һәм рухы толық адам. Оған Алланың сәлемі мен салауаты болғай.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) әрбір амалы – мұсылман қауымы үшін үлгі. Мысалы, адамдар терең ұйқыға кеткен уақытта пайғамбар (с.ғ.с.) түн жамылып Аллаға көп құлшылық ететін. Яғни ол кісі таһажүт намазын жиі оқитын.

Себебі Алла Тағала Құранда былай деген: «(Мұхаммед (с.ғ.с) сөз жоқ, Раббың сенің әрі сенімен бірге болғандардан бір топтың, түннің үштен екісіне жақынрақ, жартысында, үштен бір  шамасында намазға тұрғандарды біледі» (Музаммил, 20).

Сол сияқты Алланың елшісі де (с.ғ.с.) таһажуд намазының ерекшелігін атай отырып, оны оқуға жігерлендірген. Мысалы, Жәбир (Алла оған разы болсын) мынадай хадисті риуаят қылған: «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с): «Расында, түнде бір уақыт бар. Оны мұсылман білмейді. (Сол уақыт арасында) дүние мен ақыреттен қайырлы нәрсені сұраса, Алла соны береді. Бұл мезгіл әрбір түнде болады», – деп айтқанын есіттім» (Мүслим).

Сонымен Алланың елшісі (с.ғ.с.) көп құлшылық қылатын. Ал енді ол кісінің намазды қалай орындағанын айтар болсақ, төмендегі бір ғана риуаяттан оның намазға деген шынайы ықыласы мен махаббаттын аңғарамыз. Айша анамыздан Ато ибн Рабахтың (Алла ол екеуіне разы болсын) жеткізген мынадай риуаяты бар: «Мен Айшаға (Алла оған разы болсын):

– Алланың елшісінен (с.ғ.с.) көрген амалдарының арасынан ең ғажайыбын айтшы, – деп өтіндім. Айша анамыз:

– Оның барлық амалы ғажап! Бір күні кеш мезгілінде екеуміз демалып жатқан едік. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Мен Раббыма құлшылық жасайын», – деді. Мен:

– Аллаға қасам! Мен сенің қасыңда болуды қалаймын бірақ, сені қуантатын нәрсеге (намаз оқуыңа) тосқауыл жасағым келмейді, – дедім. Алланың елшісі (с.ғ.с.) дәретін алып, намазға тұрды. Кейін намазда тұрып жылағаны сонша, жасы көкірегіне тамды. Сосын рукуғ жасап, тағы жылады. Мұнан соң сәждеге барды, жылауын тоқтатпады. Басын көтеріп тағы жылады. Біләл келіп азан шақырғанша осылай жалғаса берді. Мен оған:

– Неге осынша жылайсың? Алла сенің бұрынғы және кейінгі күнәларыңды кешірді емес пе? – деп сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Мен (Аллаға) шүкір айтушы құл болмаймын ба? Алла Тағала маған осы түнде: «Шексіз көктердің және жердің жаратылуында түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар» – деген аятын түсірді. Маған неге бұлай жасамасқа? – деп айтты» деген хабарды жеткізеді (Бұхари, Мүслим).

Расында да, Алла Тағала Құранда өз елшілерінің жылағандығын айтып оларды: (Сәжде аяты) «Оларға Алланың аяттары оқылған сәтте, жылаған бойда …», – деп мақтаған (Мәриям: 58).

Мұсылман үмбеті намаз оқуда, ораза мен қажылық парыздарын өтеуде  және сол сияқты т.б. күнделікті өмірдегі амалдарында пайғамбарға (с.ғ.с.) ұқсауға тырысады. Міне, сол себепті Алла Өзіне жақын құлдарын: «Олар жылап, етбеттерінен түседі. Бұл олардың ықыласын арттырады», – деп сипаттаған (Әл-Исра: 109).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы.

Close Menu