А.ж 24 маусым күні Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік тапсырысы аясында «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен , Дина сауда орталығында орналасқан бөлімшесінде, Жусан операциясы арқылы Сирия аумағы “ДАИШ” халықаралық террористік ұйымына қосылып, қайта ҚР – на қайтарылған әйелдермен «Зайырлылық ұстанымның қызметтері» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Атаулы жиынға арнайы Ақтөбе қаласының «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы КММ басшысының орынбасары, білікті теолог Т.Талдыбаев қатысып, отбасы мүшелеріне тақырып аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Т.Талдыбаев өз сөзінде діннің қоғамды жақсылыққа үндеудегі, ізгілікке шақырудағы рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен қазіргі таңда біздің ұлттық салт-санамыз бен заңдарымызға кереғар келетін, үйлеспейтін діни көзқарастары өмірлік қағидалары мен өлшемдеріне айналған азаматтардың радикалды бағыттағы талғамсыз талап-тілектері ойландырмай қоймайды. Бұл жағдай мемлекет пен діннің қарым-қатынасын реттеуге, зайырлылық ұстанымдарын нақтылауға, оны терең ұғындыруға сергек қарауды талап етеді. Сондай-ақ діннің қоғам өміріндегі ықпалы барынша ескеріле отырып, мемлекеттің дін саласына қатысты ұстанымдарының басты ерекшеліктері қоғамдық санадан берік орын алуы қамтамасыз етілуі тиіс. Мұның барлығы сайып келгенде зайырлы мемлекеттегі діннің орнын белгілеуде өте маңызды.Халықаралық қоғамдастықта зайырлылық ұғымына қатысты түрлі түсінік бар. Бұл өз кезегінде мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың ортақ сипатын танытатын нақты үлгінің жоқтығын білдірсе керек. Десек те, кейбір елдерде «зайырлылық діни мемлекеттің қарама-қарсы пішімі» деген мазмұндағы ұғым қалыптасқан. Осы орайда «зайырлы» атауын түсінуде, зайырлы елдің болмысын сөз еткенде біртекті пікірдің орнықпағаны аңғарылады.Негізінде зайырлы мемлекеттер дінді мемлекеттен бөлу идеясын ұстанатыны белгілі. Бұл мәселеге қатысты сөз қозғағанда зайырлылық қағидаты бойынша діни догманы мемлекет заңдарынан алыстату көзделетініне, бірақ дінді қоғамнан бөліп тастау қарастырылмайтынына, оның діни бостандықты айқындайтынына мән берілуі тиіс. Дегенмен кейбіреулер зайырлылықты атеизм бағыты деп түсінеді. Шын мәнінде атеизм дінге үзілді-кесілді тыйым салса, зайырлылық дінді ұстану, ұстанбауда таңдау құқығын беретінін ескерген абзал,- деп сөзін қорытындылады.
Жиын соңында Жусандық отбасы мүшелері өз тағдырымен бөлісіп, көкейіндегі сауалдарына жауап алды.